1 наурызда елімізде азаматтарды көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. 30 маусымға дейін әскери қызметке Қызылорда облысынан 800-ден астам адам жіберіледі.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметіне сүйенсек, оның ішінде Қарулы күштер қатарына 400-ден астам, Ұлттық ұланға 300-ге жуық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне 100-ге жуық, Төтенше жағдайлар министрлігіне 30-ға тарта, Мемлекеттік күзет қызметіне 15-тен астам жігіт баруы қажет. Сарбаздардың алғашқы легі 17 наурыздан бастап шекара қызметіне аттанады.
Өткен жылы тапсырыс бойынша 1400-ден астам сырбойылық әскер қатарына алынды. Қазіргі күні біз 1891 азаматты іздестіріп, 224-ін таптық. Қалғанына қатысты іздестіру жұмысы жалғасып жатыр. Бірақ олардың бәрі бірдей Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүр дей алмаймыз. Кейбірінің тұрғылықты мекен жайы өзгерген, басқа қалаға кеткен болуы мүмкін. Осындай әртүрлі себептер бар, – деді департамент бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлыбек Сейітханов.
Сала өкілінің айтуынша, әскерге шақырылған қызылордалық жастардың шамамен 25-30%-ының денсаулығында кінәрат бар. Әсіресе, көз ауруына шалдыққандардың саны көп.
Денсаулығы жарамайтын жігіттерді еркінен тыс әскерге тарту орынсыз. Аурухана, емхана есебінде тұрған, сырқаты бар азаматтарды шақырмаймыз. Медициналық тексеруден өту кезінде денсаулығына шағым білдірсе, дәрігерлік комиссия шешіміне сәйкес қосымша тексеруден өтеді. Тексеру қорытындысына қарай жарамды екені анықталған кезде ғана әскерге бара алады. Әлеуметтік желіден кейде көшеде, қоғамдық орында күштеп әскерге алып кету жағдайлары көрініс тапқан бейнежазбаларды көзіміз шалып қалады. Бірақ мұндай жағдай облыста тіркелген жоқ. Бұған заңмен шектеу бар. Тәртібі былай: егер шақыру қағазын алып, бөлімге келмесе, ішкі істер органдары алдымен іздеу салады. Жұмыс орнынан немесе тұрғылықты мекенжайынан ғана шақыру пунктіне алып келуге міндетті, – деді Нұрлыбек Сейітханов.
Департамент өкілі әскери дайындықтан жедел өтудің шарттарына тоқталды. Ол айтып отырған 40 күндік оқуға жасы 24-тен асқан, денсаулығы жарамды, әскери міндетін атқаруды кейінге шегеру құқығы бар жігіттер ғана өз өтінішімен қатыса алады. Оқу әскери-техникалық мектепте ақылы негізде жүргізіледі. Мектепті бітіргеннен кейін әскери курсты тәмамдағаны жөнінде куәлік беріледі. Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңның 35-бабында әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру себептері көрсетілген. Ол азаматтың отбасылық жағдайы, білім алу, денсаулығы және басқа да маңызды себептер болуы мүмкін.
Еске салайық, Батыс Қазақстан облысында 2026 жылы 1 391 жасты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланды.






