Қызылордада қоғамдық тамақтану орындарына 4,5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

12

0

Фото: Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті

Қызылорда облысында 2 мыңнан астам тағам нысаны бар, оның 600-ге жуығы — қоғамдық тамақтану орындары.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері эпидемиялық маңыздылығы жоғары 32 нысанға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келетіні жөнінде қорытынды берілген. Биыл 9 айда «Е-лицензиялау» бағдарлармасы арқылы елеусіз нысандардың қызмет көрсете бастағаны туралы 71 нысаннан хабарлама түскен. Оның басым көпшілігі Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданының үлесінде.

— Барлық қоғамдық тамақтану орны санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бірдей сақтай бермейді. Осы бағытта жыл басынан бері 84 арыз тіркелді. Оның көбі санитариялық тазалықтың сақталмауы, өнімдердің жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі сияқты мазмұнда. Дәлелін тапқан арыз-шағымдар бойынша жеке және заңды тұлғаларға 4,5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Заңбұзушылықтарды жою туралы 25 ұйғарым берілді, — деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.

Қоғамдық тамақтандыру орындарының, ең алдымен, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы керек. Қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсатының болуы, жеке бас гигиенасын және ас блогында тазалықты сақтауы, азық-түлік қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуы, тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышта сақтау аса маңызды.

— Ауру тасымалдайтын микроағзалар азық-түлік арқылы тез таралады. Сондықтан мейрамхана, кафе, асханалардың кез келген қызметкері келушілерге зиянын тигізбес үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң орындауы тиіс, — деді департамент басшысы.