Қызылордада қол добынан жасөспірім қыздар арасында ҚР чемпионаты басталды

6

0

Фото: Сыр спорты

Бүгін Қызылорда қаласы «Евразия» спорт кешенінде қол добынан 18 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Алты күнге созылатын ел біріншілігіне еліміздің әр өңірінен келген 11 команда, 180-ге жуық спортшы жарыс алаңында өзара бәсекеге түспек.

Аталмыш жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы мен облыстық гандбол федерациясының вице-президенті Вячеслав Чан Себович арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Бүгінде аймағымызда кәсіби спортты дамыту – саладағы басты бағыттардың бірі болып табылады. Біз осы бағытта түрлі деңгейдегі жарыстарды жиі ұйымдастыру арқылы спортшыларымыздың шеберлігін шыңдап, өзара тәжірибе алмасатын боламыз. Бүгінде өңірімізде қол добы спорт түрімен жеті мыңға жуық спортшы жүйелі түрде шұғылданады. Тиісінше, аталған спорт түрін дамыту арқылы халықаралық аренада ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін боламыз. Бүгінгі жарыс қатысушылары әділ әрі тартысты ойын өрнегін көрсетіп, шын мықтылар жеңіске жетсін деп тілеймін», – деді басқарма басшысы.

Қызылордада қол добынан жасөспірім қыздар арасында ҚР чемпионаты басталды

Сонымен қатар, облыстық гандбол федерациясының вице-президенті Вячеслав Чан Себович те құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті.

Айта кетейік, қол добынан ел біріншілігі 3-8 ақпан аралығында өтеді. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер командалар арнайы диплом және медальдармен марапатталады.

Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы