Қызылордада 26 қараша күні «Заң мен тәртіп – іс-қимылда. Құқықтық жаңғырту және құқық бұзушылықтардың алдын алу: теория және практика» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов пен облыс прокуроры Р.Ожаров қатысты.
Конференция жұмысына халықаралық деңгейде танылған заң ғылымының көрнекті ғалымдары М.Қоғамов пен Н.Турецкий, Бас прокуратура өкілдері, жергілікті құқық қорғау органдарының басшылығы мен қызметкерлері, азаматтық қоғам өкілдері және студенттер қатысты.
Шара барысында прокуратура жүзеге асырып жатқан «IT TERGEU» және «Смарт білезік» жобаларының нәтижелері таныстырылды. Атап айтқанда, аталған жобалардың арқасында қайта қылмыс жасау деңгейі 60%-ға, жалпы қылмыстылық 6%-ға төмендегені, ал қылмыстардың әшкерелену көрсеткіші 3%-ға артқаны жеткізілді.
«IT TERGEU» жобасы жасанды интеллект мүмкіндіктерін қылмыстық процесте кеңінен қолдану арқылы қылмысты ашу тиімділігін және тергеу жеделдігін арттыруға бағытталған. Жоба іске асырылған 2024–2025 жылдар аралығында 832 қылмыскер құрықталып, іздеуде жүрген 33 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ 595 жоғалған адамның жүрген жері анықталып, оның
170-і – жасөспірімдер –кезекші тәулікте ата-анасына табысталды.
«Смарт білезік» жобасы электронды бақылау құралдарын қолдануды оңтайландыруға, сотталғандардың қайталама қылмыс жасауын болдырмауға және пробация қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Жоба іске қосылғаннан бері есепте тұрған тұлғалар арасында қайталама қылмыстың айтарлықтай төмендеу динамикасы байқалады (2024 ж. –50-ден 36-ға дейін, 28%; 2025 жылдың 11 айында –31-ден 19-ға дейін, 39%).
Кездесу ғылыми пікір алмасу ғана емес, сондай-ақ тәжірибе бөлісу және құқықтық реформаларды жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу алаңы ретінде өтті.
Шара қорытындысы бойынша прокуратура мен ғылыми қауымдастық «Заң мен тәртіп» идеологемасын ілгерілету жөніндегі бірлескен іс-шаралар жүйесін жүзеге асыруға уағдаласты.





