Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының көшбасшысы Темірбек Жүргеновты еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аталған іс-шараға облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев, облыстық мәслихат депутаты, «Қайсар» футбол клубы ЖШС директоры Садық Мұстафаев және жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты.
Шараның ашылуында сөз алған Жұлдызхан Байназарұлы есімі елге белгілі ұлы тұлғаның артына қалдырған ізін жас ұрпаққа үнемі насихаттау керектігін айтып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Темірбек Жүргенов – қазақ мәдениеті мен әдебиетінде есімі алтын әріптермен жазылған ұлы тұлға. Біз әрдайым Сыр өңірінен шыққан ұлы тұлғаларымызды өскелең ұрпаққа үлгі етіп, елге жасаған қайталанбас ерліктерін кеңінен насихаттауымыз керек. Осы себепті бүгін есімі елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерін еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар басқосуда. Бұл жарыс жоғары дәрежеде өтіп, шын мықтылар үздік атанады деген сенімдеміз. Барлық жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін! – деді ол.
Мұнан соң облыстық мәслихат депутаты Садық Мұстафаев Сырдан шыққан қайраткердің ел мүддесі жасаған еңбектерін кеңінен атап өтіп, дүбірлі доданың әділетті және тартысты өтетініне сенім білдірді.
Бәсі биік бәсекеге Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда және Шымкент қаласынан 150-ге жуық жасөспірім өзара сынға түспек. Кіл мықтылардың арасынан топ жарып, үздік атанған жас спортшыларға арнайы дипломдар мен медальдар табысталады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<