Бүгін Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде қысқы спорт түрі шорт-тректен кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеп, спортшыларға жылы лебізін білдірді.
– Ең алдымен баршаңызды қысқы спорттың ерекше түрі шорт-тректен ел біріншілігінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңіз білетіндей, қазір Италия елінің Милан қаласында 25-ші Қысқы Олимпиада ойындары өтуде. Осы ретте, еліміздің намысын әлемдік аренада қорғап жүрген отандық спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тілейміз!
Бүгінде өңірімізде спорттың барлық түрі қарқынды түрде дамып келеді. Соның ішінде қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше басымдық берілуде. Нәтижесінде облысымызда 100-ден астам спортшы қысқы спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпиондары Артур Смағұлов пен Темірлан Якияев, сондай-ақ шорт-тректен ел біріншілігінің бірнеше дүркін чемпиондары Шахмардан Қалданов пен Төребек Қасиет сынды Сыр спортшыларын мақтан тұтамыз. Осы орайда мұз айдынында бақ сынайтын сайыпқырандарға сәттілік тілеймін! Жеңіс мықтыларға бұйырсын! – деді басқарма басшысы.
Бүгінгі байрақты бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің өзге де өңірлерінен 12 команда, 170-ке жуық спортшы қатысуда.
Үш күнге созылатын жарыстың қорытындысы 13 ақпанда белгілі болады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және медальдармен марапатталады.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы






