17 ақпан күні Қызылордадағы «Кристал» мейрамханасында корей этносының Жаңа жылы – «Соллаль» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Дәстүрлі мейрамға этномәдени бірлестіктер өкілдері, зиялы қауым, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты бөлім фанфармен ашылып, жүргізушілер қазақ, корей және орыс тілдерінде құттықтау сөз сөйледі. Мерекенің ашылуында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров құттықтау лебізін білдіріп, Соллаль мерекесінің жаңару мен үміттің, бірлік пен татулықтың символы екенін атап өтті. Ол облыстық корей этномәдени бірлестігінің өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді жас ұрпаққа насихаттауға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, ол алдағы 15 наурыз күні өтетін жалпыхалықтық референдумға тоқталып, жаңа Конституцияны қабылдау ел дамуының маңызды кезеңі екенін жеткізді. «Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мен келісімнің негізі. Онда тәуелсіздігіміздің тұғыры, заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтары нақты айқындалады. Сондықтан бұл маңызды саяси науқанға баршаңызды белсенді қатысуға шақырамын», – деді басқарма басшысының орынбасары.
Кеш барысында облыстық корей қауымдастығының төрағасы Ан Елена Юрьевна сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Ақсақалдар батасын беріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Бағдарлама аясында корей этносының көне дәстүрі – «Сэбэ» рәсімі көрсетілді. Бұл – жас буынның үлкендерге тағзым етіп, құрмет көрсету дәстүрі. Ортаға қауымдастық өкілдері мен ең жас буын шығып, ұлттық ғұрып сахналанды. Сондай-ақ «Самульнори» ұлттық аспаптық ансамблінің орындауындағы музыкалық номерлер, хордың корей тіліндегі әндері көрермен ықыласына бөленді.
Мерекелік концертте Полина Михайловна Юн, Жаннета Мун және өзге де өнерпаздар өнер көрсетіп, әйгілі «Ариран» әні шырқалды. Би ұжымдарының қойылымдары кештің сәнін арттырды. Қонақтармен интерактив ұйымдастырылып, ұлттық «Тохо», «Хато» ойындары ойнатылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Іс-шара барысында этномәдени орталықтардың төрағалары мен «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов құттықтау сөз сөйледі. Кеш антрактпен жалғасып, еркін микрофон алаңында қонақтар ақжарма тілектерін білдірді.
Соллаль – ай күнтізбесі бойынша корей этносының Жаңа жылы. Бұл – тазалық пен жаңарудың, үміт пен ізгіліктің мерекесі. Ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін тағылымды дәстүрлер арқылы халық арасындағы достық пен өзара түсіністікті тереңдететін ерекше күн.
Мереке соңында қатысушылар бір-біріне амандық, береке және ынтымақ тілеп, татулық пен келісімнің құндылықтарын тағы бір мәрте айқындады.






