Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, қызылордалық бойжеткенді өгей әкесі аңдып, оның тыныштығын бұзған.
Жәбірленушінің арызы негізінде полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар нәтижесінде күдіктіні ұстап, қамауға алды. Қылмыстық іс тәулік ішінде сотқа жолданды.
— Жыл басынан бері облыс аумағында әйелдерге қатысты 6 сталкинг дерегі анықталып, жолы кесілді. Барлық жағдайда күдіктілер жәбірленушілермен бұрын таныс болған. Көп жағдайда қарым-қатынастың тоқтағанына қарамастан күдіктілер қудалауын жалғастырған. Атап айтқанда, түрлі нөмірден қоңырау шалған, хабарлама жазған, үйі мен жұмыс орнына барған, әлеуметтік желілер арқылы мазалаған. Жәбірленушілер байланысын толық үзгеніне, нөмірін бұғаттағанына және кездесуден бас тартқанына қарамастан қудалау әрекеттері тоқтамаған, — делінген хабарламада.
Полиция мұндай құқықбұзушылық үшін заңнама аясында қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Мұндай жағдайға тап болғанда дереу полицияға хабарласуға кеңес береді.
Еске салайық, жуырда Алматыда азаматтарды қасақана қудалау мен психологиялық қысымнан қорғауға бағытталған Қылмыстық кодекстің 115-1 бабы бойынша алғашқы сот үкімдерінің бірі шықты.






