Қызылорда облысында жол бойында жүк көлігі жанып кетті. Оқиға 27 қараша сағат 19.40 шамасында болған. 112 құтқару қызметіне «Самара-Шымкент» трассасының Арал ауданы аумағындағы 1340 шақырымында жүк көлігінің өртеніп жатқаны жөнінде хабар түскен.
– Хабарлама бойынша өртке қарсы қызметтен бір техника, 7 қызметкер жұмылдырылды. Барлау нәтижесінде Ресейден Тәжікстанға бағыт алған «Volvo» жүк автокөлігінің тіркемесіне тиелген тұрмыстық техника мен жиһаздар толығымен жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндірушілердің жедел іс-қимылының нәтижесінде жалынның жүк көлігі кабинасына таралуына жол берілмеді, – деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Ведомство мәліметінше, өрттің шығу себебі мен шығыны анықталып жатыр.
Жарақат алғандар мен қаза болғандар жоқ. Тілсіз жау 20.27-де оқшауланып, 20.53-те толығымен сөндірілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<