Жақында Қызылордада заманауи жиһаз фабрикасы ашылды. «Панабек» ЖШС бұл салада 20 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Өңірдегі мектеп, балабақша, жаңадан ашылған нысандарды жиһазбен толық қамтиды. Сапасы жоғары болғандықтан сұраныс көп. Бұрын жұртшылық сырт елдерден келетін жиһаздарға қызығатын. Бағасы қымбат болса да, тапсырыс беретін. Қазір мұндай сапалы өнім өзімізден шығатыны әрі отандық өнімнің қолдау тапқаны көңіл қуантады.
Кейінгі кездері өңірде заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орны көптеп ашылуда. Олардың қатарында кірпіш, шыны, айна зауыты бар. Бәрі де автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған. Мұндай өндіріс орнының бірі – жаңадан бой көтерген фабриканың жұмысын көзбен көріп қайту үшін арнайы бардық.
Күнделікті тұрмыста қолданылатын жиһаз қалай жасалады, қандай өнім қолданады, қайда саудаланып жатыр деген сұрақтарымызға фабрика басшысы Амангелді Панабеков жауап беріп, жұмыс процесімен таныстырды.
– Бала кезімнен қолөнерге жақын болдым. Ағашпен жұмыс істеуді әдетке айналдырдым. Мектепті бітіргеннен кейін кәсіптік білім алу үшін колледжге түстім. Одан әрі жоғары оқу орнын заңгер мамандығы бойынша бітірдім. Бірақ жаныма жақын ұсталық бәрібір де тартып тұратын. Осылайша кәсіпке қайта келуге бекіндім. Кейін «Құмкөлге» жұмысқа тұрып, ағаш ұстасы болдым. Көп ұзамай қысқарту кезінде жұмыстан шығып қалдым. Екі қолға бір күрек табу үшін үйдің бір бөлігін шеберханаға айналдырып, тапсырыс қабылдай бастадым. Уақыт өте келе ісім алға басты. Қосымша көмекші алдым. Тапсырыс күн санап көбейді.
2015 жылы есіктің алдынан бөлек цех аштым. Жиһаздың сан түрін жасай бастадық. Цех бастапқы кезде 500 шаршы метр болса, кейін 700 шаршы метрге ұлғайды. Түрлі мекемелердің, мектептер мен балабақшалардың құрал-жабдығын, орындық, үстел, шкаф сынды бұйымдарын жасадық, – дейді фабрика басшысы.
Амангелді Панабековтың бұл салада жүргеніне бүгінде жиырма жылдан асыпты. Тұрақты тұтынушылары да көбейген. Еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс берушілер де бар. Арал, Қазалы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарынан да тұрақты тұтынушылары табылады.

– Ірі кәсіпорындардан тапсырыс түсе бастаған кезде цехты үлкейту ойға келді. Түркістан, Шымкент қаласындағы ірі жиһаз өндірісі ошақтарын аралап, техникаларын көрдік. Осылайша «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен 2024 жылы жаңа нысан ашу үшін құрылысты бастадық. Былтыр ғимаратты бітіріп, толық жабдықтап, тамыз айында алғашқы тапсырысты қабылдадық. Фабрика аумағы 1,5 гектар болса, нысан іші 3500 шаршы метр. Технология соңғы үлгідегі, толықтай автоматтандырылған. Бренд Кореянікі болғанымен, Қытайдан шыққан. Шикізат, яғни ағаш Ресейден тасымалданады. Фурнитураны Қытайдан, Еуропадан және өзге де елдерден алдырамыз. Шыны – жергілікті кәсіпкерлердің өнімі. Темірге Ресей мен Қарағанды, Шымкент, Алматы сынды қалаларға тапсырыс береміз, – дейді ол.
Жобаның жалпы құны 250 млн теңге, өндіріс қуатын арттыру мақсатында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталық арқылы 59 млн теңге жеңілдетілген несие алып, қажетті құрал-жабдықтарын түгендеді. Қазір фабрикада 40-тан астам адам еңбек етеді. Үй, кеңсе, мектеп, асхана, балабақша және түрлі әлеуметтік нысандарға арналған жиһаздың барлық түрін шығарады. Кейінгі кездері спортзалға арналған тауарларға да тапсырыс қабылдай бастады.
– Ағаш пен темір бұйымдардың кез келген түрін жасаймыз. Мәселен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен салынған 6 мектепті сапалы жиһазбен қамтамасыз еттік. Бұдан бөлек, екі мектептің компьютерге арналған жабдықтарын да жасадық. Енді спортзалға қажетті темірден жасалатын бұйымды да бастадық. Тапсырыс өте көп, үлгермей жатамыз. Күндіз-түні жұмыс істейтін кездер де болады. Жақында Алматы қаласынан ірі компаниядан тапсырыс алдық. Осы күні Ақтөбе қаласының Шалқар ауданынан да тапсырыс түсіп, іске кірісудеміз. Олар да мектеп жиһаздарын жасауға ұсыныс білдірді. Біздің жылдық қуаттылығымыз да ауқымды. Мәселен, 5 мектепті жиһазбен толық қамтуға болады. Бұдан бөлек шағын тапсырыс берушілер де бар. Оларды да уақытылы жасап беруге тырысамыз.
Сондай-ақ көрме залын жасадық, өзімізден шығатын барлық жиһаздың үлгісін шығарып қойдық. Түрі, түсі мен материалы, сәніне байланысты каталог жасадық. Тұтынушы келіп, түсін таңдап, қалауын айта алады. Сол бойынша жасап береміз, – дейді Амангелді Панабеков.
Қазір ірі өндіріс орындарының барлығы дерлік заманауи технологиялардың игілігін көруде. Нәтижесінде жұмыс өнімді әрі сапалы атқарылады. Адамның қол еңбегі аса қажет етілмейді. Тек технология тілін меңгеріп, бағдарламаларды дұрыс басқара білсе болғаны. Бұрын дайын өнімге қол жеткізу үшін ұзақ уақыт пен қайта-қайта өңдеу жұмыстары қажет етілсе, қазір бір жылжымалы лента бойында, аз уақыт ішінде шикізат дайын өнімге айналады. Бұл бір жағынан жұмыстың өнімділігін арттырса, екінші жағынан уақытты үнемдеуге болады.
Фабриканың өндіріс орны екі бөліктен тұрады. Бірінде ағаш, екіншісінде темірден жиһаз жасалады. Біз осы процесті көру үшін арнайы жұмыс алаңында болдық. Серіктестік басшысы мұндағы істі былай түсіндірді.
– Қазіргі станоктар автоматтандырылғандықтан, бұрынғыдай бірнеше құрылғыдан өтпейді. Әрі кетсе 3-4 станок жеткілікті. Мысалы ағаш кесетін болса, арнайы құрылғыға келіп түседі. Оның тиімділігі көп, тапсырыс түскен жағдайда бір кескенде 5 тақтаға дейін, яғни күніне 200-250 тақта кеседі. Әрі қарай тағы бір станок бар. Одан үшеу алдырдым. Сосын тесетін станокқа жіберіледі. Күніне 3000 деталь теседі. Екінші металл бөлікте лазермен кесіледі. Баяғыдай қолмен кесіп жатпаймыз. Тіпті болт салынатын жерін де тесіп береді. Бұл құрылғы да күніне 300 деталь теседі. Қайыруға арналған станок та бар. Ең бастысы, мұнда жұмысты өндіретін дәнекерлеуші робот бар. Ол 7-8 адамның жұмысын бір мезетте атқарады. Тек темірді салып беріп тұрса болды, күніне шамамен 200 партаны дәнекерлейді. Одан әрі дайын болған жиһазға бояу жағылады. Бояйтын құрылғы күніне 150 жиһазға жағады. Бояуды Алматы қаласынан алдырамыз. Белгілі бір кәсіпорынмен арнайы келісіп қойғанбыз. Тапсырыс береміз, жеткізіп отырады. Бояу жағылған зат он минуттың ішінде кептіріліп, дайын өнімге айналады. Кептіруге арналған пеш 200 градуста қыздырылады, – дейді ол.
Қазір кәсіпкер тек тапсырыспен жұмыс істеуде. Алдағы уақытта сұранысқа ие жиһаздарды дайындауды қолға алмақ. Сондай-ақ тағы да заманауи технологиялар алуды көздеп отыр. Мәселен, жылжымалы лентаның тиімділігін көрмек.
Қазір «Панабек» ЖШС өңірдегі жиһаз өндіретін цехтардың ірісі саналады. Тіпті көршілес облыстардан арнайы келген кәсіпкерлер нысанның құрылысын, құрал-жабдығын, жұмыс істеу процесін көреді. Тиімді тұсын кәдеге жаратады.
Бұл фабрика бірден салынған жоқ. Алғашында үй жағдайында бастағанын жоғарыда келтіріп өттік. Енді алдағы уақытта сатып алатын фурнитуралар, ЛДСП-ны өздері өндірмек. Ол үшін инвестор тартып, солармен біріге отырып шығармақ.
– Қай салада да ізденіс керек. Себебі өндіріс күн өткен сайын жаңаруда. Бір ғана мысал келтірейін, осыдан 22 жыл бұрын істі бастаған кездегі құрылғы қазір қолданыста жоқ. Оның орнын заманауи технологиялар алмастырды. Сол себепті дамуға, жаңашылдыққа бет бұрудамыз.
Отандық тауарөндірушілердің көрмесіне тұрақты қатысып тұрамын. Онда өзім секілді кәсіпкерлермен тәжірибе алмасамын. Сырт елдерге шығамын. Олардың да өндірісін көзбен көріп, кемшін тұстар болса жетілдіруге тырысамын. Идея көп, түрлі тың жобалар бар. Енді оны жүзеге асыру алдағы уақыттың еншісінде. Сондай-ақ тапсырыстың көптігіне байланысты кейде үлгермей жатамыз. Өнімді алдын ала өндіріп, қоймаға жинау ойда бар. Ол үшін нысан аумағынан кең қойма саламыз, – дейді фабрика басшысы.
Жалпы елімізде жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Ірілі-ұсақты кәсіпорын көптеп ашылып, отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік артуда. Құрылыстың белсенді жүргізілуіне байланысты жиһаз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Осы ретте «Панабек» ЖШС жоғары сапалы өнімдерімен өңір тұрғындарының сеніміне ие болып, экономиканың дамуына тұрақты үлес қосып келеді.
Өндіріс орны «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бастысы жаңа кәсіпорынның іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отандық өнім көлемінің артуына, шағын және орта бизнестің дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





