Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі 2026 жылды «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жылы деп жариялады.
Осыған орай, Министрліктің 2026 жылғы 16 ақпандағы №1-5-5-4-62/753-И нұсқауына сәйкес, 28 ақпан – 2 наурыз күндері аралығында қала көлемінде «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандар тарапынан кешкі және түнгі уақытта жасалатын құқық бұзушылықтардың жолын кесу, олардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу.
Шара барысында ювеналды полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарында, ойын-сауық орындарында және жасөспірімдер көп шоғырланатын аумақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар ата-аналармен бірлескен кездесулер өткізіліп, бала тәрбиесіне қатысты құқықтық жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндіріледі.
Аталған профилактикалық іс-шара кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың қылмыстық ортаға түсуінің алдын алуға және қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Қызылорда қалалық полиция басқармасы тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.
Л. Ахметова
Қызылорда КПБ ҚҚб ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы полиция подполковнигі






