Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты № 60 мекеменің өндірістік аймағында 19 кәсіпкер өз кәсібін ашып, сотталған азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Яғни, Қызылорда облысында сотталғандарды жұмыспен қамту ісі жолға қойылған.
— Өндірістік аймақтарда олар газ, құм блоктарын, кірпіш шығарумен, тігін өндірісімен, дәнекерлеу ісімен, сондай-ақ қолөнермен айналысады. Ал № 37 мекемеде жазасын өтеушілер13 жеке кәсіпкердің қарамағында еңбек етіп жүр. Атап айтқанда, тігін шеберханаларында, жол жөндеу, жиһаз жасау цехтарында, құрылыс пен дәнекерлеу нысандарында, жылыжайларда жұмыс істейді. Сондай-ақ құм блогын шығарады, — деді департаменттің ішкі коммуникация қызметінің маманы Данагүл Достанова.
Жалпы, облыстың қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі жазасын өтеушілердің 72%-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Оларды қоғамға қайта бейімдеу, әлеуметтендіру және бостандыққа шыққаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау мақсатында skills.enbek.kz онлайн платформасы негізінде қайта даярлау курстары ұйымдастырылады.
— Өткен жылы 43 адам осы платформа арқылы бірнеше мамандық бойынша білім алып, тиісті сертификаттарға ие болды. Оның ішінде тігін, кассир, дәнекерлеуші, аспаз мамандықтарының қыр-сырын меңгерді. Биыл тағы 50-ге жуық адамды оқыту жоспарланып отыр, — деді департамент өкілі.






