Өткен жылы Қызылорда облысында желшешектің 901 жағдайы тіркелген. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінен хабарлады.
Аурудың 86,5%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Дегенмен, бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 146 жағдайға аз. Ауа арқылы таралып, қызба, орташа айқын интоксикация және бөртпемен сипатталатын жіті инфекциялық вирус балаларға жиі жұғатынын мамандар да айтып отыр.
Науқастың, алдымен, дене температурасы 39-40 градусқа дейін күрт көтеріліп, басы ауырады. Желшешектің ең айқын белгісі – бөртпе және қышыну. Желшешек бөртпесі тек теріде және шырышты қабаттарда ғана емес, бас терісінде де пайда болады. Адам бөртпе шыққасын 10 күннен кейін ғана жазыла бастайды. Егер дене қызуы 39 градустан асса, бала өзін нашар сезінсе, қандай да бір өзгерістерді байқаса, дәрігер көмегіне жүгінуі қажет. Желшешек ересектерге қарағанда балаларда жеңіл түрде өтеді. Кейде ересектер аурудың асқынуынан зардап шегуі мүмкін. Сауыққаннан кейін иммунитет қалыптасады, инфекцияның қайталануы сирейді, – деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.
Дәрігерлер профилактика үшін науқаспен қарым-қатынасты шектеуге, гигиеналық тазалықты сақтап, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.
Бұған дейін біз Батыс Қазақстанда 3 400-ден астам адам желшешекпен ауырғанын хабарлаған едік.






