Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылында 100-ге жуық көпбалалы отбасы тұрады. Ауылда 2,5 мың адам тұрады. Олардың 43-і «Алтын алқа» иегері болса, 54-і «Күміс алқаға» лайықты деп танылған, деп хабарлады Қазақпарат.
Ақ жаулықты аналар салт-дәстүрге жанашырлық танытып, жас ұрпаққа әдет-ғұрыпты насихаттап келеді.
Отбасында 11 бала тәрбиелеп өсірген Тазагүл Қазыбекова жасының ұлғайғанына қарамастан белсенділігімен көзге түсіп келеді. Ауылдық клубта жас қыздарға тоқу үйретіп, арнайы үйірмесін жүргізеді. Сондай- ақ, ерекше заттарды тоқып, көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп жүр.
«Ауылда 18 баланы тәрбиелеп өсірген Сабыт пен Бәтима перзенттерінің барлығын жақсы азамат етіп өсірді. Олардың балалары мен немерелері де көп балалы ана», — дейді Тазагүл Қазыбекова.
Ауылда құрақ көрпе ісінің шебері атанған Айнұр Доспанбетова 6 баланың анасы. «Күміс алқа» иегері кезінде құрақ көрпе жасауды хобби ретінде бастаса, бүгінде оны бизнеске айналдырған. Осы мақсатта берілетін 1 млн теңге ақшалай грантқа өз ісін ашыпты.
«Бала кезімізден әжелер мен аналарымыздан ұлттық салт-дәстүрді үйрендік. Қайсыбір кезеңде жүн түтіп, жіп иіру, жылы киім тоқу, киіз үйге арналған кілем мен әшекей жасау күнделікті жасалатын жұмыстар еді. Қолөнер бұйымдарын жасау қазақ халқында ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді», – дейді ол.
Ауылда «Батыр аналар» әжелер ансамблі бар. Ол 35 жыл бұрын құрылған. Қазір шығармашылық ұжымда батыр аналардан құрылған вокалистердің үшінші буыны өнер көрсетіп жүр.
Ауылда кейінгі 7 жылда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл — қазыналы қарттар мен ақ жаулықты аналардың ұрпағына дұрыс тәрбие беруінің бір көрінісі.
Сондай- ақ, Қызылорда облысында үш мәрте егіз босанған ана тұрады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<