Қызылордадан бирюза шығады. Оны алғаш рет алматылық зергер қолданды

681

0

Фото: Желіден

Қызылордадан бирюза тасы шығады. Мұны қазақ тілінде «перезе», «перуза» деп те атайды. Оны Қазақстанда алғаш боп қолданған – алматылық зергер Абзал Молдабек, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абзал Молдабектің айтуынша, бұл тас әлемдегі басқа бирюзаларға қарағанда жасыл әрі өзіндік текстурасы бар. 2-3 жыл бұрын ғана табылып, Санкт-Петербург қаласындағы арнайы геммологиялық зертханадан өткізілген.

«Қазақстанда алғаш рет өз бұйымдарымды қолдана бастадым. Қазір Ресейде, одан әрісі АҚШ, Жапонияда өз орнын, бағасын алып жатыр», – деді ол.

Абзал Молдабек бирюзаны шет ел асыру себебін өзімізде дұрыс бағаланбауымен байланыстырады.

«Әйтпесе өңделмеген түрінің келісі – 1-2 мың доллар шамасында. Өңделген болса, грамына қарай баға белгіленеді және ол жоғарылай береді», – деді Абзал Молдабек.

Еліміз бойынша ең бағалы бирюза Орталық Қазақстаннан шығады. Одан бөлек Балқаш, Қарағанды, Түркістан аумағында да қоры бар. Асыл тас сақ заманынан бері қолданыста.

Зергер шығармашылық кәсібін дамытуда әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Өзін танытуда бұл таптырмас құрал болып отыр.

«Зергерлікті үйренгісі келетін адам көп. Оларға курс өтіп, сертификат беремін. Бүгінге дейін оқыған 25-30 шәкірттің бәрі қазір осы кәсіппен айналысып жүр», – деді ол.

Кейіпкеріміз кез келген дүниені жасамас бұрын ою-өрнектің тарихын, қолданатын орнын, мән-мағынасын жіті зерттейді.

«Осы кәсіпті бастағанда тек сапалы материалдарды, табиғи тастарды пайдалануды мақсат еттім. Бұйымның жасалу күрделілігіне, шабыттың келіп, идеяның тууына байланысты бір бұйымды дайындап, аяқтауға бір ай, тіпті бір жыл уақыт керек», – деді Абзал Молдабек.

Назерке Саниязова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<