Ауа райының қолайсыз болуына байланысты Қарағанды облысының шекарасынан бастап Қызылорда қаласына дейін барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Бұл жөнінде Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті.
«Қарағанды облысында ауа райының нашарлауы байқалып отыр. Аталған аумақта дауыл, қалың қар, көру мүмкіндігі шектелген. Осыған байланысты республикалық маңызы бар «Қызылорда-Павлодар-Успенка» автомобиль жолының 12-216 шақырым аралығына барлық көліктің қозғалысына шектеу қойылған. Ол Қарағанды облысының шекарасынан бастап Қызылорда қаласына дейінге аралықты қамтиды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Осы орайда Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған шектеу жалғасып жатқанын хабарлады. Жолаушыларға сақтық шараларына назар аударуын сұрайды.
Әділжан ҮМБЕТ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<