ҚР Президентінің Телерадиокешені «Jibek joly» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен «Жақсы адам-2024» арнайы сыйлығының дәстүрлі іс-шарасы биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр. Бұл – телеарна көрермендерінің көзайымына айналған «Жақсы адамдарым» бағдарламасының жаңажылдық қорытынды жобасы.
Биыл арнайы сыйлықпен көктемгі су тасқыны кезінде ерен еңбегімен ерекшеленген құтқарушылар, қоршаған ортаға қорған болған экобелсенділер, саналы ғұмырын ауыл медицинасына арнаған абзал жан мен білім бәйгесінде әлемді мойындатқан озық ойлы оқушы, өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен бүгінгі күннің батыры, ата-анасынан айрылған егіз балаға ерекше бақыт сыйлаған қамқор отбасы марапатталды. Жылдағы дәстүр бойынша «Жақсы адам-2024» арнайы сыйлығын және 1 000 000 теңге қаржылай сыйлық алған 7 адамның қатарында қызылордалық жерлесіміз Әлихан Жақсылық та бар.
Әлихан Жақсылық — 25 жаста, Қызылорда қаласының тумасы. Оның батып бара жатқан кішкентай баланы құтқарған ерлік ісін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялады. Оқиға 27 қазан күнгі түскі екі шамасында Алматыдағы Есентай өзенінде болған. Алып шаһардан жалдамалы пәтер іздеп жүрген Әлихан Есентай өзені мен Мақатаев көшесінің қиылысындағы жағалауда жас балалардың көмек сұрап айқайлағанын естиді. Байқаса, топ баланың біреуі Есентай өзенінің каскадында тұрып суға құлаған. Ал өзендегі ағынның қарқыны қатты болып, бала бірнеше рет суға батып та кетеді. Не істеу керегін бірден ұққан Әлихан қас қағым сәтте темір қоршаудан секіріп өтіп, көзілдірігі мен иығындағы сөмкесін шешпестен ағынды суда жан алысып-жан берісіп жатқан балаға тұра ұмтылады. Күздің қара суығы мен судың салқындығын ол ыстық қайраты мен от жігерінің арқасында жеңіп, баланы жағаға аман алып шыққан.
«Өзен жағасында ойнап жүрген баланың суға құлап кеткенін көргенде жай қарап тұра алмадым. Бала дін аман алғашқы көмекті қажет етпеді. Құтқарылған баланың жақындары кейіннен хабарласып, алғысын білдірді. Менің орнымда кім болса да солай жасар еді. Өзімнің ісімді ерлік деп санамаймын. Бұл сыйлық басқаларға үлгі ретінде, өзгенің жағдайына бей-жай қарамай, айналамызға көмек қолын созып жүруді насихаттау мақсатында беріліп отыр деп есептеймін»,- дейді Әлихан Жақсылық.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<