Биыл Қызылорданың Қазақ АКСР-нің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай облыстық музейде ғылыми-зерттеу бағытында жұмыс жүргізілуде. Зерттеу нәтижесі осы уақытқа дейін толыққанды тарихи бағасын алмаған тұлғаларды тануға жол ашты. Олар есімін айтуға мүмкіндік бермеген Алаш қайраткерлері, жерлестеріміз Серікбай Ақаев пен Әлмұхаммед Көтібаров болатын.
Серікбай Жұмағалиұлы Ақаев 1880 жылы Сырдария облысы Перовск уезі Царская болысының №5 ауылында (қазіргі Қоғалыкөл маңы болуы керек) дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашып, одан кейін Ташкент қаласында мұғалімдер семинариясын бітірген. Қоқан қаласында орыс-түзем училищесінің меңгерушісі болған. 1913 жылы губерния хатшысы шенінде отставкаға шыққан. Самарқан округтік сотында университет бағдарламасы бойынша емтихан тапсырып, жеке сенімді өкіл атағын алған. Білікті заңгер ретінде Самарқан, Ферғана және Ташкент округтік соттарында қызмет етеді.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесіндегі саяси оқиғаларға белсене араласып, Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкелік мұсылмандардың І съезіне делегат болып қатысқан, Орталық кеңес құрамына кірген. Сол жылы шілде айында Орынбордағы І жалпықазақ съезіне қатысып, бүкілресейлік құрылтай жиналысы депутаттығына Ферғана облысынан кандидат болып тіркелген.
1918 жылы ақпан айында Түркістан автономиясын большевиктер құлатқаннан кейін Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың арнайы шақыруы бойынша Семей қаласындағы Алаш Орда үкіметінің іс басқарушысы болып қызмет етеді. 1917 жылдың 26 қарашасында Түркістан автономиялық республикасы құрылғанда, оның Халық кеңесінің мүшесі болып сайланды. Түркістан өлкелік Уақытша үкіметтің басшылық құрамында Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Әлмұхамед Көтібаров және т.б. бірге қызмет жасайды.
1920 жылдың 4-12 қазан күндері Орынборда өткен Қазақ АКСР кеңестерінің Құрылтай съезіне Семей облысы Қарқаралы уезінен делегат ретінде қатысып, Қазақ Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды.
1921 жылдың 25 қазанында Серікбай Ақаев Семейден Қазақ Орталық атқару комитетінің жолдамасымен Ташкент қаласына жіберілді. Мұнда ол Қазақ республикасының ашаршылық нәубетіне ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі Орталық комиссияның Ташкент бөлімшесі алқасының мүшесі болып істеді. Одан кейін Қазақ елінің жаңа астанасы Қызылорда қаласында бірқатар жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Атап айтқанда, 1925 жылдың 8 қарашасында ҚазАССР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов пен Қазақ Орталық атқару комитетінің жауапты хатшысы Бегайдар Аралбаевтың №148 бұйрыққа қол қоюымен осы аталған жоғары басқару органының іс басқарушысы болып тағайындалды.
Тарихи тұлға туралы Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» атты кітабында: «қызылордалықтардың ішінде әкеме жақын, сыйласып жүретін, үй-ішімізбен тығыз қатынасып тұрғандар Серікбай Ақайұлының семьясы болатын. С.Ақаевтың мамандығы – юрист, бұл кісі толық денелі, орта бойлы келген, өте салмақты, көп сөйлемейтін, балажан адам еді. Серікбай ағайдың араласқан төңірегі де Түркістан өлкесінен басталып, бір шеті Жетісуға дейін жететін. Бұлар қазақ зиялылары, өмір кезеңдері арқылы табысып, достасып, жүре келе туыстасып кеткен жайлары бар» деген мәлімет береді. Бұл кітапта Серікбай Жұмағалиұлын қазақтың тұңғыш инженері Мұхаметжан Тынышпаевтың бажасы екені де айтылады.
Отызыншы жылдары Серікбай Ақаев ҚазақАКСР Заң министрлігі жанында Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі болып қызмет атқарды.
1930 жылдың 14 қыркүйегінде Алматыда жергілікті ОГПУ органының қызметкерлері №2370 қылмыстық іс бойынша РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы 7 және 11-тармақтары, 59-баптың 3-тармағымен айыпталған Серікбай Ақаевты, өзге де Алаш қайраткерлері Жақып Ақбаев, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, Қошке Кемеңгеров, Жұмахан Күдерин, Мұхтар Әуезов, Біләл Сүлеев, Әлімхан Ермеков, т.б. бірге ұстап, абақтыға жапқан. 1932 жылдың күзінде босап шыққан Серікбай Ақаевты көп ұзамай қайтадан қамауға алды.
1937 жылдың 10 қазанында Алматыда жергілікті жазалау органдарының қаулысы бойынша Серікбай Ақаев кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде қылмыстық істер жүргізді деген айыптаумен ұсталып, түрмеге қамалған. Көп ұзамай 1937 жылдың 21 қарашасында Алматы облыстық НКВД үштігінің үкімімен ату жазасына кесілді.
Алаш қайраткерінен қалған ұрпақтары кейін елге қызмет етті. Гүлнәр Дулатовамен бірге оқыған Махфузбек Ақаев 1965-1984 жылдары ҚазақКСР Энергетика және электрификациялау министрінің орынбасары, екінші ұлы Мұхтарбек Ақаев КСРО Ғылым академиясының тау-кен институты директорының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары қызметін атқарды.
Қорыта айтқанда, биылғы Қызылорданың Қазақ АКСР-нің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай Алаш қайраткерлерін ардақтаудың деңгейін биікке көтеру арқылы олардың мәңгі өлмес идеясын жас ұрпаққа сіңіруде аянбай еңбек етуіміз қажет.
Асхат САЙЛАУ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің
ғалым хатшысы,
Мәдениет саласының үздігі





