Қызылордалық кәсіпкерлер сенаторларға проблемасын айтты

504

0

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау мәселелерін талқылау мақсатында кәсіпкерлермен кездесті. Аталған шараға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңынан онлайн қатысқан қызылордалық кәсіпкерлер де проблемаларын жеткізді.

Солардың бірі – «Марал Нұр» ЖШС. Серіктестік 2005 жылдан бастап теміржол арқылы жолаушылар тасымалымен айналысады. Компания қазір «Қызылорда-Павлодар», «Жезқазған-Астана» бағытында қызмет көрсетеді.

«Біз 2016 жылдан вагон паркін жаңалауды бастадық. Вагондарды Өзбекстаннан, Беларусьтен алдық. 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін вагондарымыз қосылған құн салығы есепке алу әдісімен есептелетін импортталатын тауарлардың тізілімінде болды. Ол бізге вагондарды қосымша құн салығынсыз, яғни артық шығынсыз алуға мүмкіндік беретін. Алайда былтыр 1 сәуірден бастап вагондарды бұл жеңілдік түрінен алып тастады», – деген «Марал Нұр» ЖШС құрылтайшысы Мұрат Нұрсаитов қазір оларды сатып алу қымбатқа түсетінін айтты.

Кәсіпкер 1 вагон алғаны үшін 30 млн теңге қосымша құн салығын төлейді. Осындай қиындыққа тап болған ол вагон паркін жаңарту жұмысын тоқтатып қоюға мәжбүр.

«Қазір Қазақстандағы вагондардың басым бөлігінің тозған. Оны жөндеу үшін Қызылордадан депо ашқымыз келіп отыр. Депоға керек жабдықтар да импортталатын болған соң қымбатқа келеді, әрі жеңілдікпен келетін тауарлардың тізімінде жоқ. Біз осы мәселеден көмек сұраймыз. Жеңілдік қарастырылған импортталатын тауарлардың тізіміне вагондар мен олардың жабдықтарын қосып берсеңіздер», – деді кәсіпкер.

Ал «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС директоры Әбдімәжит Жансақалов мемлекеттік сатып алу және салық саласына қатысты проблемаларды атап көмек сұрады.

Қызылордалық қос кәсіпкердің сұрағын сенаторлар мен жауапты министрлік басшылары зерттеп, тиісті шешімдер қабылдайтынын жеткізді.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<