Атырау қаласында дәстүрге айналған “” республикалық дебат турнирі биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Білім беру ұйымдары басшылары арасында өтетін бұл зияткерлік дода кәсіби көшбасшылықты нығайтуға, басқарушылық құзыреттерді арттыруға және білім саласындағы жаңа идеялар мен ойлау мәдениетін дамытуға бағытталған.
Үш күнге созылған турнир мазмұнды бағдарламаға құрылды. Алғашқы күні қатысушылар тіркеуден өтіп, таныстыру шаралары өткізілсе, екінші күні негізгі ойындар мен жалпы бағыттағы пікірталас кезеңдері өрбіді. Ал үшінші күні мектеп директорлары өңірдегі білім беру мекемелерінің озық тәжірибелерімен танысып, тәжірибе алмасты.
Игі шараға еліміздің өңірлерінен жиналған 24 мектеп басшысы қатысып, барлығы 12 команда өзара бақ сынады. Қатысушылардың барлығы жоғары дайындық пен көшбасшылық мәдениеттің жарқын үлгісін көрсетті.
Тартысты өткен пікірталас нәтижесінде Қызылорда облысының командасы жүлделі III орынды иеленді. Аймақ намысын қорғаған №Абай ДБА мектеп директоры Айгүл Алтынбекқызы, №10 мектеп директоры Еркін Серікұлы және Облыстық “Дарын” орталығының дебат үйлестірушісі Гүлбану Күзенбайқызы алты қарсылас команданы артта қалдырып, тек атыраулық командаға ғана жол берді. Бұл – қызылордалық делегация үшін зор жетістік әрі өңірдің білім саласындағы әлеуетін танытты.
Турнир жеңімпаздарын құттықтай отырып, ұйымдастырушылар келесі жылы да дәстүрлі дода жалғасын табатынын атап өтті. “Director’s Cup” мектеп басшыларының кәсіби дамуына жол ашатын, білім беру саласындағы көшбасшыларды бір ортаға тоғыстыратын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.





