Қызылордалық «морж» мұздай суға түсерде қорқынышын қалай жеңгенін айтып берді

219

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғыны Әсем Мерекова мұздай суға түсуді, тіпті қыстың қақаған аязында қарға шомылуды әдетке айналдырған. «Морж» келіншек бой сергітетін әдетті бастарда қорқынышын қалай жеңгенін айтып берді. 

Кейіпкерімізге бұл ойдың келгеніне көп жыл болған. Алайда, қорқақтап жүріпті. Былтыр желтоқсанда ғана ойын жүзеге асырудың сәті түсті. 

— Шамамды көрмек болып, әуелі «бісмілләмді» айтып, бөлме температурасында тұрған суды үстіме құйдым. Өйткені бірден мұздай судан бастасам, денем тітіркеніп, шок алуым мүмкін еді. Бірақ, байқаймын, бұрынғыдай қорқыныш жоқ. Төрт күн солай қайталап, одан кейін қар мен салқын суға шомылуға бойымды үйреттім. Содан бері өмірге құлшынысым артты, өзімді сергек сезінетін болдым, — дейді Әсем Мерекова.

Ол Қызылорданың өзіне тән ызғарлы желі, қары мен аязы еш кедергі емес екенін айтты. Барлық қорқыныш тек миымызда деп есептейді. Кейіпкеріміз мұздай суға түскеннен кейін жылы төсегіне жата қалмай, жаттығу жасап, далада серуендеп келеді.

Қызылордалық «морж» мұздай суға түсерде қорқынышын қалай жеңгенін айтып берді

Табиғат аясында таңмен таласа жүгіруді бастағанының өзіне жеті-сегіз жылдың жүзі болған. Күтпеген қиындықтар өмірін осылай күрт өзгерткен. 

— Аурудың көбі депрессиядан. Мен де бұл жолдан өттім. Көп жыл өзіммен күрестім, жеңіліп қалған кездерім де болды. 2017 жылдан бастап табиғатқа шығу, таңертең жаяу жүру, дұрыс тамақтану сияқты әдеттерді серік еттім. Америкалық жазушы Джозеф Мерфидің кітабынан оқыған «мен әлемнен не аламын деп емес, әлемге не бере аламын деп өмір сүр» деген сөзі мені қанаттандырды. Бұрын сыртқы келбетім өзіме ұнамайтын. Оның үстіне, табаным мен қолым жылымайтын. Салауатты өмір салтын ұстанғанның арқасында өзіме көңіл толмаушылықтан, үсті-үстіне жамап алған аурулардан арылдым. Көп жылдан бері осы әдеттерім туралы әлеуметтік желілерде үзбей жариялап жүрмін. Мұны көріп, қайталаған адамдардан оң пікірлер еститін болдым. Жұртқа пайдаң тию де қуанышқа бөлейді екен, — дейді кейіпкеріміз.

Әсем Мерекова Түркістан, Шымкент, Байқоңырда қалаларындағы жүгіру марафондарына қатысқан. 

— Оған мүмкіндігі шектеулі адамдардың, ата-әжелердің қатысқанын көріп, өзімді қамшылай түстім. Сәуірде Алматыдағы марафонға қатыспақпын. Айналамдағы адамдар кезінде мені түсінген жоқ. Екі қызына қарап, тыныш отырмай ма екен деп сынағандар болды. Бірақ мен ешкімнің сөзін елемедім. Қазіргі күні балаларым өсті. Әлеуметтік желіге салатын бүкіл видеоны үлкенім түсіреді. Екеуі де қасымда жүріп шынығады. Біз нан, тәтті, фаст-фуд, газды сусын атаулыдан бас тартқанбыз, — дейді қызылордалық «морж».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<