Қызылордалық неміс қыз қазақ фильмдеріне түсіп жүр

900

0

Фото: автордан

Неміс ұлтының өкілі, қызылордалық Светлана Крюгер қазақ фильмдеріне түсіп жүр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Qazaqstan» ұлттық арнасында «Құдаша қыз» телехикаясы көрсетілуде. Сондағы Марина есімді сатушы қыздың ролін кейіпкеріміз сомдады.

«Киноға түсуге қазақ тілін жетік меңгергенім көп көмектесті. Жалпы, тіл білгенім – мен үшін үлкен бақыт. Қарапайым қарым-қатынаста да, жұмыс барысында да еш қиналмаймын. Еркін сөйлеймін, сауатты жазамын, қазақша ойлаймын», – деді ол.

Светлана Крюгер Қазалы ауданында туып-өскен. Арғы ата-әжелері өткен ғасырда қиын-қыстау кезеңде осы өлкеге тұрақтаған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде журналистика мамандығы бойынша қазақтілді топта оқыды. Бүгінде облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-де еңбек етіп жүр. Жергілікті неміс этномәдени бірлестігінің белсенді өкілі.

– Атам балабақшаға апарған кезде қазақ тобына кіріп алып, шықпай қойсам керек. «Осы жерде болам, орысқа бармаймын!» деп қиғылық салыппын. Көрші балалар орысша түсінбегесін бірге ойнау үшін қазақша үйрендім», – деді кейіпкеріміз.

Қызылордалық неміс қыз қазақ фильмдеріне түсіп жүр

Светлана Крюгер алғаш рет екі жыл бұрын әзілкеш Қанат Әлжапбаровтың «Пиzнесмен Қанат» сериалында эпизодты рольде көрінді.

«Оған ойда жоқта түстім. Қазақшаға судай өзге ұлт өкілі сөйлейтін эпизод бар екен. Бұл да фильм рейтингін бір көтеріп тастады. «Құдаша қыздың» кастинг ұйымдастырушы тобы мені Қанаттың киносынан көріп шақырды», – деді ол.

Кейіпкеріміз кәсіби өнер адамдарымен бірге жұмыс істеу барысында оларды жақынырақ танығанын, әр жобаның артында қыруар еңбек жатқанын түсінгенін жеткізді.

Светлана Крюгер бүгінде Жансая, Жанерке есімді қыздарды тәрбиелеп отыр. Олардың алды университетте оқып жатыр, ал екіншісі осы оқу жылында мектеп бітіреді.

Назерке Саниязова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<