Қызылордалық оқушы жеті жасында жыршы атанды

674

0

Фото: 24 kz

Қызылордалық Нөсер Айдосұлы жеті жасында жыршы бала атанды. Ол екі жасынан бастап қолына домбыра алған. Қазір жүздеген жолдан тұратын, сағаттап орындалатын жыр-дастандар мен терме, әндерді нақышына келтіріп орындайды. Сыр елі шайырларының батасын алып, үлкен сахнаға шығып үлгерген шынашақтай өнерпаз.

Нөсердің нөсерлете орындайтын жырын жүз жастағы атасы ұйып тыңдайды. Талантты немересін әрдайым қолдап, қолпаштап отырады. Ал өнерпазға шабыт беретін тыңдарманның шын ықыласы, – дейді жас жыршы.

Нөсер Айдосұлы, жас жыршы:

– Бұл домбыраны тартқан кезде өзім күшті әсер сезінемін. «Он алты қыз», «Қазақтың бәрі туысқан», «Тобылғысай» әндерін айтамын. Көп дастан, жыр, терме білемін. Домбырамен жаттағанда, мақамына салғанда тез жаттап алатынмын. Алда көп жырларды, әндерді үйрене беріп, биікке шыққым келед. Мысалдарды, өлеңдерді жаттап.

Өнерлі бала екі жасынан домбыраны қолына алған. Бұл ынтасын байқаған анасы, қос ішектің қыр-сырын үйрете бастапты. Көп ұзамай мақамдарды меңгеріп, жыр жаттай бастайды. Жүз отыз жолдан асатын Шораяқтың Омарының “Жарлы тәліп” дастанын да аз уақытта жаттап алған. 

Гауһар Құдайбергенова, оқушылар үйінің меңгерушісі:

– Соңғы екі жылдың ішінде «Астана мерей» байқауына, «Алтын дауыс», «Дариға домбыра» атты облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келе жатыр. Жас болса да өзінің осы дәстүрлі өнерге деген қызығушылығының, құлшынысының арқасында кейбір үлкендердің, кейбір жастардың жетпеген жетістіктеріге қол жеткізіп келе жатыр.

Жеті жасында жыр желкенін керген жеткіншек республикалық және халықаралық байқаулардың бас жүлдесін жеңіп алды. «Асыл мұра» дәстүрлі әншілер ансамблінің белді мүшесіне айналып үлгерген. Әйгілі жырау Алмас Алматовтың батасын алған баланың ерекше қабілетін ұстаздары да байқапты.

Әсия Бисенбаева, бастауыш сынып мұғалімі:

– Омар Шораяқұлының 145 жылдығына арналған үлкен жыршылар байқауы өткен болатын. Сол байқауға қатысып, нөсер оқушым бас жүлдені жеңіп алып, «Жыршы бала – 2023» атағына ие болды. Сонымен қатар осы бірінші сыныпты аяқтағаннан кейін жылдың қорытындысы ретінде «Жылдың үздік оқушысы» наминациясына ие болды.

Нөсер өнерде ғана емес, білім бәйгесінде де жүйрік екен. Жақында математика пәнінен қалалық олимпиадада бірінші орын алған. Бос уақытында кітап оқып, атқа мініп серуендеуді ұнататын таланты бала Сыр елі – жыр елінің атын әлемге таныту басты мақсатым, дейді.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<