Топ-баннер2

Қызылордалық отбасы кірпіштен салынған қараша үйде тұрып жатыр

15

0

Фото: Салтанат Дәржанның жеке архивінен

Көшпенділер баспанасының үлгісінде салынған қараша үй Қызылорда облысы Жалағаш ауданының орталығында орналасқан.

Қазіргі күні онда Дәржановтар отбасы тұрып жатыр. Kazinform тілшісімен сұхбатта осы отбасының кенже қызы Салтанат Дәржан үйдің құрылысы екі жылға созылып, 2022 жылы аяқталғанын жеткізді.

Бұл – негізі анамның ағасы Асылбек Алғашовтың идеясы. Әкем, бауырларым нағашы көкемнің ойын қуаттап, ағайын-туыстың көмегімен асарлатып кірпіштен шеңбер тәріздес үй салуды бастап кетті. 2020-2021 жылдары кесегі мен іргетасын құйып қойды. Ішкі әрлеу жұмысын ұсталарға тапсырды. Үйді әдемі етіп салуда ешқандай кедергі болған жоқ, – деді ол.

Ерекше идея иесі Асылбек Алғашовтың әкесі темірден түйін түйген, он саусағынан өнер тамған хас шебердің өзі болған. Балалық шағы киіз үйде өткен ақсақал жылы естелікті жадында жаңғыртқысы келгенге ұқсайды. Этностильде салынған баспанаға қазіргі күні оның қарындасы Кенжегүл Еспенбетова жолдасы Бибіт Дәржанов және ұл-қыздарымен бірге бас-көз болып отыр.

Заман талабына сай. Электр жарығы, газ, ыстық су – барлығы келіп тұр. Кіреберіс, жуынатын бөлме, асхана, жатын бөлме мен қонақ бөлме бар. Қабырғасы кесектен салынған. Сондықтан жылы әрі сәнді болсын деген оймен қазақтың ою-өрнегі түскен кілемше, одан бөлек қайыс қамшы, ұлттық аспабымыз домбыраға дейін іліп қойдық. Атам пайдаланған есепшот та, нағашы әжемнің қолдан жасалған сандығы да үйімізде тұр, – деді аудан тұрғыны.
Ескі мен жаңа үйлесім тапқан қараша үйді көруге қызығушылық танытатындар аз емес.

Көп адам хабарласып жатады. Қазақта тіл-көз деген сенім бар болғандықтан біз барлығына бірдей рұқсат бермейміз. Келіп көрген кісілер таңданысын жасырмайды, – деді Салтанат Дәржан.