Қызылордалық полицей мықтылығын тағы бір дәлелдеді

515

0

Қызылордалық полицей Абзал кезекті жеңісіне қол жеткізді. Орал қаласында 20-22 шілде күндері Президенттік көпсайыстан «Динамо» ДШСҚ-ның X жазғы ведомствоаралық спартакиадасы мен ІІМ чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен құқық қорғау органдарының, арнайы және күштік құрылымдарының қызметкерлері қатысты.

Президенттік көпсайыс – өте күрделі қызметтік-қолданбалы спорт түрі. Қатысушылар әскери қарудан ату, жүзу, граната лақтыру және әр түрлі қашықтыққа, яғни жас ерекшеліктеріне сәйкес 60, 100 және 1000, 3000 метрге жүгіру бойынша жарысты.

Сайыс нәтижесі бойынша Қызылорда облысының Полиция департаменті мен ҚР ІІМ құрамасында 30-35 жастағы спортшылар арасында Жақапбаев Абзал 1-орынды иеленіп, чемпион атанды.

Жастайынан ширақ, шымыр болып өскен ауыл баласы Абзал мектеп қабырғасында жүргенде спорттың қай түрімен айналысса да жақсы жетістіктерге жетіп жүрді, алайда бәрінен де волейбол басым болды. Алғашқы жаттықтырушысы Болат Рысмаханов бойшаң да секіргіш Абзалдың болашағы волейболда екендігін дәлелдеп, қызықтыра білді.

Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата Мемлекеттік университетінде студент болып жүріп, Қазақстан Республикасының Жоғарғы лигасында осы университеттің волейбол командасының құрамында 2007-2012 жылдары ойнады.

2012-2013 жылдары «Тараз» волейбол клубының сапында ойнаған Абзал Қазақстан Республикасының Жоғарғы лигасының чемпионы болып, волейболдан спорт шеберлігіне үміткер атанды. 2013 жылдан 2016 жылға дейін Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінде өрт сөндіруші лауазымында сержант шенінде қызмет атқарды.

«Динамо» спорт кеңесінің 90 жылдығы құрметіне Астана қаласында Қазақстан Республикасы Құқық қорғау, күштік және арнайы құрылымдары қызметкерлері арасында волейболдан 2015 жылы мамыр айында өткізілген жарыста құрамында Абзал Жакапбаев ойнаған Төтенше жағдайлар Комитеті құрама командасы бас жүлдені жеңіп алды.

Абзал Жакапбаев волейболмен қатар, спорттың қиын түрі болып табылатын Президенттік көпсайыспен шұғылданып жүр. 2016 жылдан бері Қызылорда облысы Полиция Департаментінің оқу-жаттығу взводының инспекторы лауазымында қызмет атқарып келе жатқан Абзал Жақапбаев 2016 және 2017 жылдары ҚР ІІМ-нің құрамасының сапында жекелей сында Қазақстан Республикасы Құқық қорғау, күштік және арнайы құрылымдары қызметкерлері арасында өткізілген Президенттік көпсайыстан «Динамо» орталық кеңесінің жеңімпазы атанды.

Спортты серік еткен тәртіп сақшысы бүгінде асыл жары екеуі 4 ұлды тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<