Қызылордалық полицейлер Наурыз мейрамында жергілікті тұрғындарға робот – полицейдің жұмысын таныстырды

5

0

Фото: Қызылорда облысының Полиция департаменті

Наурыз мейрамы елімізде жыл сайын ерекше сән-салтанатпен атап өтіледі. Бұл күн – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің бастауын білдіретін ұлық мереке. Сондықтан халық Наурызды жаңа жылдың бастауы, жақсылық пен берекенің белгісі ретінде ерекше қарсы алады.
Мереке күндері еліміздің барлық өңірлерінде түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Алаңдарда киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар дайындалуда.

Қызылордалық тәртіп сақшылары бұл мерекеге ерекше дайындалды. Ұлттық дәстүр мен қоғамдық қауіпсіздікті ұштастырған “Қауіпсіз қала” атты киіз үй тікті. Бұл бастама қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлаумен қатар полицияның қызметі мен қауіпсіздік шараларын көрсетуге арналған ерекше алаңға айналды.

Қызылордалық полицейлер Наурыз мейрамында жергілікті тұрғындарға робот - полицейдің жұмысын таныстырды

Іс-шараға облыс әкімі Н.Нәлібаев, Полиция департаментінің бастығы С. Ергешов және департаменттің бөлініс басшылары қатысты.

Мерекелік жиынға қатысқан Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ә.Шаймағамбетов
халыққа ақжарма тілегін жолдады. Ол өз құттықтауында ел бірлігі мен тыныштығының маңызын ерекше атап өтті.

Әмірбек Бердібекұлының айтуынша Наурыз – тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адамдардың жүрегі мейірімге толып, бір-біріне жақсылық тілейтін кезең. Ол жастарды Отанды сүюге, елге адал қызмет етуге шақырып, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлкен жауапкершілік екенін тағы бір мәрте еске салды.

Мерекелік шара барысында ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен дәріптеліп, қонақтарға қазақтың қонақжайлылығы мен мәдени мұрасы таныстырылды.

Көпшіліктің ерекше назарын аудартқан “Қорғанбек” роботы өз қабілеттерін паш етіп, тұрғындарға заманауи технология мен қоғамдық қауіпсіздік бағытындағы қызметтердің нақты көрінісін ұсынды. Робот полиция қызметінің заманауи құралдарымен қалай жұмыс істейтінін, тұрғындармен өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін көрсетті.

Аталған бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеп, төл мәдениетіміздің тереңдігі мен байлығын айшықтай отырып, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік ерекше әсер сыйлады.