Қызылордалық полицейлер республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті

4

0

Фото: Qyzylorda PD

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерін арнайы қабылдап, құттықтады.

Кездесу барысында департамент бастығы қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен спорттағы жетістіктерін атап өтіп, олардың ел намысын қорғаудағы және құқық қорғау саласындағы абыройлы еңбегіне жоғары баға берді.

2026 жылғы 27–29 наурыз аралығында Қонаев қаласында өткен «Қазақстан Республикасының кубогы» аясындағы карабин атудан «Open Kalashnikov» және «Semi-Auto Open» категориялары бойынша өткен жарыста арнайы жасақ қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, «Semi-Auto Open» санатында полиция подполковнигі Айдана Айтбаева ІІ орын, полиция подполковнигі Бақыткүл Самратова І орын иеленсе, «Open Kalashnikov» санатында полиция кіші лейтенанты Моншақ Қарлыбай ІІ орын, полиция майоры Лаура Төлекова І орын алды.

Сонымен қатар Түркістан облысында өткен қазақ күресінен Қазақстан Республикасының Кубогында полиция аға лейтенанты Айжан Болат пен полиция капитаны Ғайни Нұрмахан І орынға ие болды.

Ал 1–3 сәуір аралығында Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасы ІІМ чемпионатында қызылордалық полицейлер тағы да жоғары нәтиже көрсетті. Жекелей сында 74 кг салмақта полиция лейтенанты Руслан Беркімбай ІІІ орын, 100 кг салмақта полиция лейтенанты Ақылбек Серік ІІ орын иеленді. 82 кг салмақта полиция лейтенанты Дінмұхамед Алтай және 90 кг салмақта полиция аға лейтенанты Еңбек Сақтағанов І орын алды.

Командалық есепте ІІ орынға қол жеткізуге қосқан үлесі үшін взвод командирі полиция майоры Ержан Абдуллаев марапатталды.

Департамент бастығы жеңімпаздарға алғыс білдіріп, алдағы қызметтеріне табыс пен жаңа жеңістер тіледі.