Қазақстан шахмат федерациясы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Senat Open» республикалық шахмат турнирі еліміздің барлық өңірлерінде өтуде.
Аталмыш шара аясында бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері мен мәдениет басқармасының өкілдері өзара бақ сынасып, зияткерлік қабілеттерін көрсетті.
Турнирдің ашылу салтанатында Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы және Қызылорда облысы Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биыл турнир жаңартылған форматта өтуде. Жарысқа ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компания қызметкерлері, ғылым мен білім беру саласының өкілдері, БАҚ, мәдениет, медицина және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысуда. Бұл формат турнирдің ауқымын кеңейтіп, беделін арттыруға мүмкіндік берді.
«Senat Open 2026» кубогы кезең-кезеңімен іріктеу жүйесі бойынша өтеді. Өңірлік жарыстардың қорытындысы бойынша әр санаттан үздік қатысушылар келесі кезеңге жолдама алады. Турнир еліміздің барлық 20 өңірін қамтиды.
Финалдық кезең дәстүрге сай тамыз айының соңында Астана қаласында өтетін болады. Үшінші рет ұйымдастырылып отырған бұл дода шахматты зияткерлік спорт түрі ретінде кеңінен насихаттауға және өңіраралық спорттық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Полиция қызметкерлері өздерінің шеберліктерімен және жеңіске деген жігерімен ерекшеленді. Турнир қорытындысы бойынша озық шыққан тәртіп сақшылары марапат төрінен көрінді.






