Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Тоқтыбаев Серік Әбдімәуленұлы жастармен кездесті.
Кездесуге полиция қызметкерлері, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Кездесу барысында студенттер үшін өте өзекті тақырыптар қозғалды: бұл әр азаматтың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтар, бұзақылық, кибербуллинг, алаяқтық, нашақорлық және оның салдары үшін жазалау шаралары.
Бұл кездесу бейресми форматта өтті. Әрбір студент өзінің құқықтары мен жауапкершілігіне, қауіпсіздігіне, сондай-ақ полиция қызметіне қатысты кез – келген сұрақты қоя алды.
«Біздің мақсатымыз – жастар және жасөпірімдер арасындағы топтық төбелестер мен олардың қатысуымен жасалған қылмыстардың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын-алу. Бүгінгі күні тәртіп сақшылары күнделікті рейдтік шаралар ұйымдастырып, жұмыссыз жастар мен жеткіншектердің жүріс-тұрысын бақылауда ұстап отыр» деді полиция полковнигі С.Тоқтыбаев.
Жиынға қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, өз ойларымен бөлісті.






