Қызылордалық полицейлер жазғы лагерьде балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

110

0

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Полиция – балалар қауіпсіздігінің кепілі. Осы қағидатты ұстанған Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері «Ақтерек» балаларды сауықтыру лагерінде тынығып жатқан балаларға арнайы іс-шара ұйымдастырды.

Тәртіп сақшылары балаларға су айдындарында белгіленбеген, шомылуға тыйым салынған жерлерге түсудің қауіптілігі туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі, әсіресе жаяу жүргінші ретінде жол ережелерін сақтау және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері де кеңінен қамтылды.

Түсіндіру жұмыстары интерактивті түрде өтіп, балалар өз сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді. Іс-шара соңында балалар арасында түрлі қызықты ойындар мен сайыстар ұйымдастырылып, көңілді әрі пайдалы күн болды.

Бұл шараның басты мақсаты – балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізуге атсалысу, құқықтық тәрбие беру және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыру.