Қызылордалық полицейлер жоғалған 7 жастағы бүлдіршінді аман – есен тауып, ата-анасына табыстады

315

0

Қызылорда қалалық Полиция басқармасының «102» арнасына жергілікті тұрғын хабарласып 7 жастағы баласын үй маңында ойнап жүріп, қайта үйіне оралмағаны туралы арызданды. Жоғалған баланы табуға Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Ақсай полиция бөлімінің жеке құрамы мен ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұлан сарбаздары және еріктілер жұмылдырылды.

Полицейлер қала ішін көліктерімен аралап, учаскелік полиция инспекторлары көшелердің арасындағы қуыстардың барлығын түгелімен тінтіді. Осылайша жедел жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде бүлдіршін аман – есен табылды. Тәртіп сақшылары баланы аман-есен тауып, ата-анасына табыстады.

Дін аман табылған бүлдіршіннің ата – анасы 102-ге хабарласқан сәттен бастап, бірден іздестіруге кіріскен және кәсібилік пен жеделділік танытқан полиция қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.

Егерде сіздің балаңыз немесе жақыныңыз із-түссіз жоғалып жатса, онда уақыт өткізбей тез арада полицияның 102 нөміріне қоңырау шалыңыз. Полицейлер жоғалған жанды жедел табу үшін іздестіру шараларын атқаруға әрдайым дайын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<