Қызылордалық қолөнер шебері 200-ге жуық шәкірт тәрбиелеген

477

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазақ пен қолөнер егіз ұғым. Тамыры тереңге жайылған ұлттық құндылықтарымызды қолөнермен біріктіріп, оны өзгеге үйрету шын мықтының ғана қолынан келеді.

Туындыларымен таңғажайып дүниелерді жасайтын қолөнер шеберінің бірі – Бақытгүл Сатыбалдиева 14 жылдың ішінде 200-ге жуық шәкіртке бар білгенін үйретіп, өнерге баулыған. Кәсібінен нәсібін тауып жүрген шебер бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында қонақ болып, БАҚ өкілдеріне өз қолынан шыққан керемет туындыларын көрсетті.

– Қолөнер – қазақтың төл өнері десем артық айтқандық емес. Себебі, біздің аналарымыз сонау ғасырдан бері бұл істі жанына серік етіп, күнделікті тұрмыста қолданатын болған. Мен де бала кезімнен түрлі қолөнер бұйымдарын жасап көріп, ерекше қызығып өстім. Бойжеткен шағымда кесте тігуді меңгердім. Уақыт өте келе сол қасиеттерімді дамытып, бүгінде киізден киім тігіп, оны бастырып, өрнектеу арқылы қабырғаға ілетін түрлі картиналар жасаймын. Осы қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысып келе жатқаныма бүгінде 14 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында 200-ге жуық шәкірт тәрбиелеп, бар білгенімді үйретудемін. Уақыт өткен сайын қолөнер бұйымдарын жасаудың сан түрлі әдісі шығуда. Оның барлығын лезде меңгеріп алуға ең бірінші уақыт одан кейін ұқыптылық қажет. Мен қолөнердің бұйымдарын жасаудағы ең сүйікті жұмысым – киізбен және кестемен өрнектеу. Осы екі өнерімді терең дамыту үшін барымды салудамын Жалпы 2020 жылдан бастап өзімнің «Art dizain» деп аталатын курсымды ашып, қыз-келіншектерге қолөнер бұйымдарын жасаудан сабақ өткіземін. Қыз-келіншектердің осы іске қызығушылығынан шабыт аламын. Олардың қолынан шыққан туындыларын барынша елге көрсетуге тырысамыз. Бұрын аналарымыз киіз басу ісіне аса ден қойып, күнделікті тұрмыс-тіршілігі үшін көп пайдаланған ғой. Ал, қазір бұл үрдіс бәсеңдеп қалды. Яғни, киізді, киізден жасалған бұйымдарды қолданатындар саны азайды. Мен керісінше, осы киізден киіп тігіп, түрлі қабырғаға ілетін ұлттық нақыштағы суреттерді басып, дайындаймын. Одан бөлек, бас киімдерді қазіргі сән үлгісіне сай тоқимын. Алдағы уақытта ерекше қолөнер бұйымдарын жасауды мақсат етудемін, – деді Бақытгүл Өтеубайқызы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<