Жаңақорған ауданында өткен тәжірибе алаңы Қызылорда қаласы педагогтерінің кәсіби әлеуетін, шығармашылық ізденісін және командалық бірлігін айқын көрсетті. Аталған алаңға қала атынан №3, №11, №15, №176, №179, №198 және №261 мектептерден 9 мұғалім мен 1 әдіскер – Аян Ондасынов Жақсыбайұлы қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
Тәжірибе алаңының қорытындысы бойынша Қызылорда қаласының командасы 12 сайыстың 8 сайысында жүлделі орын алып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл ұстаздардың жан-жақты дайындығы мен жаңашыл көзқарасының айқын дәлелі.
Атап айтқанда, төрт сайыста бірінші орын иеленді. «Ауыл кеші» көңілді топтық сайысында командалық үйлесім мен сахналық шеберлік дараланса, «Ақындар айтысында» №176 мектептің мұғалімі Нұрылла Досбол суырыпсалмалық өнерімен топ жарды. «Педагогикалық идеялар» бағыты бойынша №3 мектептен Әбу Асқар тың ұсыныстарымен үздік атанса, үстел теннисі сайысында тағы да Нұрылла Досбол жеңіс тұғырынан көрінді.
Екінші орын «КТК топтар мәдени шарасы» атты топтық сайыс пен тоғызқұмалақтан (№176 мектеп, Нұрылла Досбол) бұйырды. Ал үшінші орын «ЖИ бағытындағы үздік сабақ» номинациясында №11 мектептің мұғалімі Сәбенова Ақмаралға және театрландырылған көрініс бойынша топтық сайысқа берілді.
Сонымен қатар тәжірибе алаңы аясында бірқатар педагогтер облыстық білім басқармасының марапаттарына ие болды. Алғыс хатпен №11 мектептен Шналиев Орынбек, №15 мектептен Серікбай Ринат, №179 мектептен Оспанов Қуаныш, №261 мектептен Асқаров Бекзат марапатталды. Ал Құрмет грамотасын №11 мектептің мұғалімі Джузбаева Айнұр мен №198 мектептің мұғалімі Жауғашарова Айдана алды.
Ереже талаптарына сәйкес, кейбір сайыстарда жүлде берілмеді. Атап айтқанда, дойбы, шахмат және «Алтын көмбе» бағыттарында нәтиже тіркелмеді. «Алтын көмбе» сайысы бойынша тек бір ғана орын қарастырылып, өзге командалар марапатталмағанын айта кеткен жөн.
Жаңақорған төрінде өткен тәжірибе алаңы қызылордалық ұстаздардың білімі мен біліктілігін, шығармашылық қарымын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қызылорда қалалық білім бөлімі






