Қызылордалық жас зерттеушілер жеңіске жетті

111

0

Фото: Қызылорда қаласының білім бөлімі

28-31 қаңтар күндері 2-7 сынып оқушыларына арналған ХХІ «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар конкурсының жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша қорытынды кезеңі өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас зерттеушілердің білім бәйгесінде Қызылорда облысының оқушылары жоғары нәтижелерімен ерекшеленді.

Аталған қорытынды кезеңге Сыр өңірінен 15 оқушы 12 жоба бойынша қатысып, олардың 8 жобасы жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде 10 оқушы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталса, 2 жоба бойынша 3 оқушы Алғыс хаттарға ие болды.

Байқаудың І дәрежелі дипломына Қызылорда қаласындағы Н.Ильясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Балмағанбет Ерназар және Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектебінің 5-сынып оқушысы Имамадин Інжу лайық деп танылды.

ІІ дәрежелі дипломды Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Серікбай Нұрислам иеленді.

Ал ІІІ дәрежелі дипломдар Қызылорда қаласындағы Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 7-сынып оқушылары Ашимхан Алихан мен Нұржан Нұрисламға табысталды.

Сондай-ақ С.Толыбеков атындағы №3 ақпараттық технология мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Құрманғазы Мади конкурстағы ізденісі мен шығармашылығы үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Сыр елінің мерейін асқақтатып, білім мен ғылымға деген құштарлығын нақты нәтижелермен дәлелдеген жас зерттеушілердің бұл жеңісі – өңірдегі жүйелі білім мен табанды еңбектің жемісі.