Қызылорданың еліміздегі өркенін кеңге жайып келе жатқан, ең таза, ең сәулетті шаһарлар қатарына қосылғанын тұрғындар да, қала қонақтары да айтып жүр.
Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Президент: «Осы орайда, жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өткім келеді. Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін. Облыс орталығымен қатар, әр ауылдың тазалығы көз тартады» деді.
Сыр елінде өткен алқалы жиынға қатысушылар Қызылордадағы жаңа нысандарды аралап көріп, қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы ойларын ортаға салды.
Азамат Сатыбалды:
Қызылорда маған ұнады. Біраз болды келмегеніме. Қызылорда мүлде өзгеріп, жасарып, жаңарып кеткен. Менің ойымша, мұның бәрі халықтың ниеті ғой. Халықтың ниеті дұрыс болғаннан кейін жері де өнеді, өседі. Ең бастысы ел аман болсын! Сыр еліне сәттілік тіледім.
Шыны керек, мен үшін бір таңғалатын сәт болды. Мысалы, біраз жыл бұрын қазір Қызылорда осындай болады десе мен сенбес едім. Өзімнің көзім көргеннен кейін сендім. Маған ұнады. Аман болыңыздар! Қалаларыңызды, елдеріңізді сақтаңыздар.
Максим Рожин:
– Қалаға соңғы рет бір жыл бұрын келдім. Қалада құрылысы енді басталып, жүріп жатқан объектілерді көрдік. Бұл жолы келгенде олардың барлығының аяқталып, тапсырылғанына таңғалдық. Өте жылдам екен. Жалпы, бір нәрсені айту керек, өңірдің басшылығы жасап жатқан жұмыс басқа өңірлерге үлгі бола алатындай деңгейде деп есептеймін. Өйткені, құрылыс уақытылы бітеді, қала өте таза. Жаңа объектілер пайда болып жатыр. Жалпы, біз кризис, қаржы жетіспеушілігі бар деп айтып жүрсек, Қызылорда өңірінде барлығы орынды, уақытылы бітіп жатыр. Бұл жергілікті биліктің ұйымдастырушылық қабілетінің өте жоғары екенін білдіреді. Сол үшін өз басым үлкен баға қоямын.
Самат Нұртаза:
– Қызылорда ең таза қала болып көрінді. Кеше жел соққанда да қарасақ, еш жерде қоқыс жоқ. Әкімшілік болсын, азаматтары да тазалыққа бейімі бар екен деп айтып жатырмын. Соңғы рет Қызылордаға әуежай салынып жатқанда келдім. Кеше ұшақтан түскенде көрдім, ғимараты жақсы, ішінде ешқандай қарбалас жоқ. Құтты болсын! Сыр еліне өте керек ғимарат деп есептеймін.
Жақсыбек Құлекеев:
– Қызылорда жас мемлекетіміздің бес жыл бойы астанасы болған қасиетті шаһар екені баршамызға мәлім. Бұл өңірді бекерге «Сыр елі – жыр елі» демейді. Осы топырақтан елге белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жыршылар, ғалымдар көптеп шыққан. Қазіргі таңда ортамызда жүрген қазақтың біртуар азаматы, көрнекті ғалым Асқар Жұмаділдаев та – Қызылорданың тумасы, ұлтымыздың мақтанышы.
Ерлан Саиров:
– Қызылорда қаласы жылдан-жылға көркейіп, жаңарып келеді. Түнгі Қызылорданың келбеті Астана мен Алматыдан кем түспейді. Сонымен қатар, біз қаланың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап көрдік. Қаланың тазалығы, тұрғын үйлердің заманауи сәулеті, әлеуметтік нысандардың ішінде ерекше көзге түсетін «Сыр жұлдыздары» шығармашылық академиясы көңіл қуантады. Әлемдік стандарттарға сай, 11 мың орындық жаңа стадионның ашылуы – соның айқын дәлелі. Осы орайда Сыр өлкесінің қарқынды дамып келе жатқанын нық сеніммен айтуға болады. Өңірдің адам капиталы алдағы уақытта бұдан да биік деңгейге көтерілетініне толық негіз бар.
Төлеген Нұрмағанбетұлы:
– Өзім Жезқазған қаласынан келдім. Қарға тамырлы қазақ болған соң, жылына кемінде бір рет осы жақтағы ағайын-туыстың жиын-тойына қатысып тұрамын. Қызылорда қаласында атқарылып жатқан даму жұмыстарын әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Кеңес үкіметі кезеңінен бері кейбір қалалардың құлазып қалғанын көрдік. Ал Қызылордаға әр келген сайын өзгеріс пен жаңаруды байқап, қуанып қайтамын. Кейінгі жылдары бірнеше әлеуметтік нысан халық игілігіне берілгені де ерекше қуантады.
Анар Фазылжанова:
– Бүгінгі күн Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше күн. Себебі, Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы Сыр елінде өтіп жатыр. Мен бұрын Қызылордаға жұмыс бабымен бірнеше мәрте келгенмін. Одан бері біраз уақыт өтіп кетіпті. Келген кезде Қызылорда қаласын танымай қалдым. Сәні мен салтанатына, тазалығына таңғалдым. Бұл мен үшін өте қуанышты болды. Жалпы Қазақстанның қай қаласы болмасын көркейіп, гүлденгенін көру біз үшін зор бақыт.
Ал Қызылорда не үшін біздің жүрегімізден ерекше орын алады? Біз, яғни, тілтанушылар Қазақстандағы тілдік ахуалды үнемі қарап, сараптап отырамыз. Оқтын-оқтын бүкіл республика бойынша өңірлерден тілдік ахуалды анықтау үшін сауалнама жүргіземіз. Сол сауалнамалар барысында Қызылорда халқының мемлекеттік тілді білу деңгейі әрқашан бірінші орында тұрады. Сондықтан қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің жанашыры ретінде мен осы Қызылорда халқына басымды иіп, тілге көрсеткен құрметі үшін алғысымды айтқым келеді.





