Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы қалай жұмыс істеп тұрғанын, оның вьетнамдық компания басқаруына неге берілмегенін айтып берді.
Әкімнің айтуынша, әуежайдың құрылысына 21 млрд теңге қаражат кетті. Оның 16 млрд теңгесін инвесторлар салса, инфрақұрылымын қамтамасыз етуге облыс бюджетінен 4 млрд қаражат бөлінген.
– Әуежайға мемлекеттен ешқандай субсидия берілмейді. Табысы аз болса да, өзін-өзі ақтап отыр. Өйткені бізде рейстер аз. Қазіргі таңда аптасына 29 рейс бар, негізінен Алматы, Астана қалаларына рейстер қатынайды. Біз шымкенттік «Южное небо» компаниясымен бірлесіп, Шымкент, Ақтөбе, Орал қалаларына да рейстер ашқанбыз. Бірақ сұраныстың болмауына байланысты олар тоқтатылды. Мұның барлығы сұранысқа байланысты, – деді Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Облыс басшысы жаңа терминалдың жылына 2 млн жолаушы қабылдап, қызмет көрсете алатынын атап өтті. Астана мен Алматыдан басқа қалаларға сұраныс аздау болып тұр.
Сонымен бірге, бұған дейін Қорқыт ата әуежайы вьетнамдық компанияға берілуі мүмкін екені хабарланған еді. Облыс әкімі вьетнамдық компания ұсыныстары тиімсіз болғандықтан, келісім орнамағанын айтты.
– Біз Вьетнамның SOVICO Group компаниясымен жұмыс істедік. Шынын айтқанда, олардың ұсыныстары бізге ұнаған жоқ. Біз өз ұсынысымызды айттық, олар өз ұсынысын айтты. Біздің әуежайдың ешкімге бір тиын қарызы жоқ, өзін-өзі ақтап отыр. Аз болса да, айына 5 млн теңге пайда тауып отыр. Мемлекеттен ешқандай субсидия берілмейді. Ол кісілер (Вьетнам компаниясы) алғашқы кезде қосымша субсидия бөлуді сұрады. Тиімсіз болғандықтан, келіскен жоқпыз. Қазір басқа да инвесторларды қарастырып жатырмыз. Ол бірінші мемлекет үшін тиімді болуы керек. Өзі қарызсыз жұмыс істеп тұрған әуежайды субсидиямен басқа компанияға қалай береміз, ол тиімсіз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.






