Қазіргі уақытта республика көлемінде қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің дерегінше, жыл басынан бері 3500-ге жуық жағдай тіркелген. Ауырғандардың көбі – екпе алмағандар. Осыған байланысты эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, аурудың одан әрі таралуын болдырмау үшін 19 ақпанда бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің «Қазақстан Республикасында қызылша бойынша санитариялық эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу шаралары туралы» қаулысы қабылданды. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова жаңа қаулыны таныстырды.
Құжатта қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы иммундауды кеңейту көзделген, яғни ауруға қарсы шаралар күшейтілген.
– Жаңа қаулыда 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды егу көрсетілген. Егу республика көлемінде эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанға дейін жүргізіледі. 2023 жылдан бері эпидахуал тұрақсыз деп бағаланып келеді. Сол жылы 6-11 айлық балаларға екпе салынды. Дегенмен, әлі де ауру тіркелуде. Нақтырақ айтқанда, 40 пайызы бір жасқа дейінгі нәрестелер, 53 пайызы 0-4 жасқа дейінгі балалар.
Сонымен қатар Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес егілмеген 2-5 жас және 7-18 жас аралығындағы балалар да қамтылады. Оған қоса 30 жасқа дейінгі егілмеген, егілгені туралы деректері жоқ, сондай-ақ ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін осы инфекцияға қарсы алдыңғы қосымша жаппай иммундау барысында вакцина алмаған медицина қызметкерлері егіледі.
Шетелдік азаматтарды қоса алғанда, ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін қызылшамен ауырған адаммен соңғы қарым-қатынаста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірмей 30 жасқа дейінгі адамдарға шұғыл вакцина салынады.
Қаулыға сәйкес балаларды стационарларға, ұжымдық ұйымдарға қабылдауға қатысты бірқатар күшейту шаралары белгіленді. Нақтырақ айтқанда, балаларды жоспарлы емдеуге жатқызуға қойылатын талаптар күшейтілді. Енді тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар балаларды қоспағанда, қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы вакцинациясы жоқ балалар жоспарлы түрде стационарларға жатқызылмайды.
Сонымен қатар жабық мекемелерге (балалар үйлеріне, мектеп-интернаттарға, балалар мен ересектерге арналған психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарға) қабылдау Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде вакцинация болған кезде жүзеге асырылады. Қызылша жағдайының тіркелуі кезінде екпе алмаған балалар мектепке дейінгі ұйымдарға және мектептерге барудан уақытша шеттетіледі, – дейді Әлия Мүтәліпқызы.
Сондай-ақ Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне байланысты да қаулыда бірқатар шаралар белгіленген. Атап айтқанда, қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған, ауру белгілері бар не инфекциялық ауру ошақтарынан келген әскерге шақырылушыларды әскери бөлімдерге келген кезде 21 тәулікке оқшаулау, әскери арнаулы оқу орындарына қабылдауды Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде екпе алған кезде жүзеге асыру, қызылша жағдайын тіркеу кезінде бөлімшелерден және науқаспен қарым-қатынаста болғандар қатарынан адамдарды ауыстыруға және жұмыстан шығаруға тыйым салу.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, облыста 2023 жылы 1682 дерек, 2024 жылы 1557 жағдай тіркелсе, былтыр қызылша ауруының зертханалық жолмен нақтыланған 339 жағдайы орын алған. Аурудың басым көпшілігі, яғни 71,1%-ы қызылшаға қарсы екпе алмағандар арасында анықталды. Аурушаңдықтың салыстырмалы түрде өсу тенденциясы өткен жылдың маусым айынан басталды. Дегенмен былтырғы көрсеткіш 2024 жылғы аурушаңдық көрсеткішімен салыстырғанда 4,6 есе төмен болды.
Ал жыл басынан бері қызылша ауруының 25 клиникалық жағдайы есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі 1-4 жас аралығындағы балалар, олардың үлесі 52,9 пайыз. Науқастардың егу статусына жасалған талдау нәтижесінде 70,6 пайызы қызылшаға қарсы әртүрлі себептермен егілмеген. Егілмегендердің ішінде 33,3 пайызы ҚР Ұлттық алдын ала егу кестесіне сәйкес егу жасына жетпей (1 жасқа дейінгі балалар) екпемен қамтылмаса, 58,3 пайызы ата-аналары қарсы болғандар, 8,3 пайызы медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»






