ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов Қызылорда облысында болған тікұшақ апатын тергеу барысын өз бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қорғаныс министрлігінің әскери тікұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 464-бабымен (ұшу немесе оған дайындалу қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қайғылы оқиғаның өзектілігіне орай, қылмыстық іс Бас әскери прокуратурасы арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданды», – делінген ҚР Бас прокуратурасының сайтында.
Мәлім болғандай, ҚР ІІМ-нің Әскери-тергеу басқармасының қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды.Тергеу барысы Бас прокурордың бақылауына алынды.
Еске салайық, 27 наурыз күні кешке Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған 4 әскери тікұшақ құрамында болған. Барлық экипаж мүшесі – 13 адам қаза тапты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<