Рамазанның әндері мен рух толқыны

2049

0

Сырдария ауданының орталық алаңында композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Таймановтың әндерін орындаушылардың І республикалық «Қазақ қызы» атты конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен гала-концертке басқарма басшысы Руслан Рүстемұлы қатысты. Әнге сусаған халықтың қарасы қалың болды. Олар осы концертті асыға күткені, жерлестері Рамазан Таймановтың шығармашылығына құрметпен қарайтыны сезіліп тұрды. Қошемет пен қолдау екпін алып, ыстық ықылас артты.

Рамазанның әндері мен рух толқыны

Конкурсқа 19 үміткер қатысты, өңір өнерпаздарынан өзге Нұр-Сұлтан, Тараз, Павлодар, Орал, Түркістан, Қарағанды қалаларынан талапкер қатысты. Әділқазы тобында Бағдагүл Саинқызы, композиторлар Сәбит Ұлықпанұлы, Рамазан Сағындықұлы секілді өнер саңлақтары болды.

Рамазанның әндері мен рух толқыны

Марапаттау салтанатында басқарма басшысы Руслан Рүстемұлы: «Рамазанның әндерін әрбір қазақтың жүрегі жырлайды. Рухы мықты, лирикалық сарынды нәзік әндер көңілді толқытады, сезімді ойнатады. Әсіресе, Желтоқсан оқиғасында еңсесі езілген қазақ қыздарының ес жиып, рухын көтеруде «Қазақ қызы» әні әнұрандай әсер берді. Бұл – «Қаратаудың басынан көш келеді» зарлы әнінің бірнеше ғасырдан кейінгі жаңғыруы және рухты ояту, бойды тіктеу әні еді. Біз алдағы уақытта осы конкурсты облыс орталығында да өткізуге күш саламыз, гала концертін туған жері – Сырдария ауданында ұйымдастыратын боламыз» деп елді бір серпілтті.

Конкурс қорытындысымен Батыс Қазақстандық Дәурен Ерманов , Қызылордалық Жазира Қайырбергенова, Павлодарлық Мадина Қабдоллалар өзара бөліссе, ІІ орынды Қарағандылық Ерболат Ұзақбаев иеленді. І орынға Нұр-сұлтаннан келген Құснадин Ақбота мен Қызылордалық «Адажио» тобы лайық деп танылса, бас жүлде Алматылық Азамат Бекбергеновке бұйырды.

Сол кеште Сырдың толқынын композитордың әуелеген әсем әндері тербеді. Бұл- әншінің әндері мен рух толқыны еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<