ӘРБІР ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛУЫ ТИІС

241

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қызылорда су жүйесі» МКК  директоры  Тілеуберген Қаныбетов пен  облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы бас­шы­сының ­орынбасары Тұмар Шалбаеваның қа­ты­суымен брифинг өтті. Онда мекемеде жүргізілген тексеру жұмыстарының қоры­тындысы баяндалды.
Брифингте Тұмар Шалбаева  «Қызыл­орда су жүйесі» мекемесіне еңбек инс­пекторлары жүргізген тексеру жұ­мыс­тарының нәтижесіне тоқталды. Осы жылдың қазан айында мекеме қызметкерінен еңбек қатынастарына байланысты арыз түскен. Оның негі­зінде мемлекеттік еңбек инспекция­сы кәсіпорынға жос­пардан тыс тексеру тағайындаған. Арызда мекемеде    қысқарту жүргізіліп жат­қандығы, жал­­а­қы­ның уақытылы төленбеуі және мерекелік демалыс күндері жұмысқа шақырылғаны үшін еңбекақы төленбегендігі ай­тыл­ған. Тексеру нәтижесінде арыз иесіне жалақы уақытылы төленбегені анық­талып, жұмыс берушіге тексеру нәтижесімен нұсқама беріліп, жауапты тұлғаға ҚР әкімшілік кодексінің талабына сәйкес 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде  айыппұл салынған. Сонымен қатар демалыс, мереке күндері жұмысқа тартылғаны және соған сай еңбекақы төленбегені де расталған. Бұл тарапта да жұмыс берушінің Еңбек кодексінің 85-бабының 1, 2-ші тармақтары талаптарын бұзғандығы анықталып, нұсқама енгізілген. Нәтижесінде азаматшаға демалыс, мереке күндері жұмыс жасағанына еңбекақысы толық берілді. Ал, қысқарту мәселесін қарау барысында мекеменің ішкі құжаттары зерттелді. Бұл жөнінде Т.Шалбаева алдыңғы штаттық кесте мен жаңадан бекітілген кестені салыстыру кезінде арызданған азаматшаның штат бірлігі қысқартылғаны белгілі болғанын айтты. Қысқартылған қызметкерлердің тізімін зерттеу барысында мекеменің ұжымдық талабына қайшы келетін жайттар анықталған. Сондай-ақ, аталған мәселелерге байланысты кәсіпорын қазіргі кезде тиісті жұмыстар жасап, түзетулер енгізген. Ал, арыз берушіге еңбек инспекциясы тексеру нәтижесін жазбаша жауап беріп, түсіндіру жұмыстары толығымен жүргізілді.
«Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Т.Қаныбетов аталған мәселені кәсіпорында оңтайландыру жұмыстарын жүргізумен байланыстырды. Мекемеде 47 қызметкердің штаты қысқартылған. Бірақ осы азаматтардың 32-сі мекемеге қайта жұмысқа қабылданыпты. Қалған 16 адамның 2-і өз еркімен  жұмыстан шыққан. Өзгелері қайта жұмысқа тартылу үстінде.
    Жалпы, әрбір қызметкердің құқығы заң шеңберінде сақталып, қорғалуы тиіс. Сонда мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейтіні анық.
Сара АДАЙБАЕВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<