Еліміздегі референдум учаскелерінің ешқайсысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілеріне жол берілмеді. Бұл туралы «Референдум – 2026» онлайн-марафоны аясында Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев хабарлады.
Бүгін полиция қызметкерлері еліміз бойынша республикалық референдумның қауіпсіздігін қамтамасыз етті. ҚР ІІМ дауыс беру аяқталғаннан кейін де қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете береді. Сайлау комиссияларының, байқаушылардың қауіпсіз жұмыс істеуіне және азаматтардың өз таңдауын еркін түрде жасауына барлық жағдай жасалды, – деді ол.
Сондай-ақ ресми өкіл еліміздегі 10 мыңнан астам референдум учаскесінің ешқайсысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілеріне жол берілмегенін, қазіргі уақытта учаскелерде дауыстарды санау жұмыстары жүріп жатқанын мәлім етті.
– Жағдай тұрақты және полицияның толық бақылауында. Дауыстарды санау аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері бюллетеньдер мен хаттамалардың өңірлік комиссияларға қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етеді, – деді спикер.
Осыған дейін барлық референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталғаны туралы жаздық.






