Бүгін аудандық Руханият орталығында аудан әкімі Ардақ Ибраимов республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан азаматтарға облыс әкімінің атынан алғыс білдіріп, Президенттің Алғыс хаты мен облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.
«Биыл еліміз үшін, өңіріміз үшін айрықша мәні бар тарихи кезең. Тәуелсіз Қазақстан ұлт жылнамасындағы жаңа белеске қадам басты. 15 наурызда халқымыз жаңа Конституцияға арналған референдумға белсенді қатысып, мемлекетіміздің келешек бағытын айқындады. Бұл маңызды науқанда Сыр жұртшылығы жоғары белсенділік танытып, берекелі бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетті. Дана халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Жерлестеріміз жаңа құжатты қабылдауға үлкен жауапкершілікпен қарап, өңірлер арасында алдыңғы қатардан көрінді. Өңір халқы Мемлекет басшысының Әділетті, Қуатты әрі Таза Қазақстанды құру жолындағы бастамаларын әрдайым қолдайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Референдумды жоғары деңгейде өткізуге белсене қатысқандарыңыз үшін баршаңызға облыс әкімінің атынан және өз атымнан шынайы алғысымды білдіремін. Егемен еліміздің жарқын болашағы жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!», – деді Ардақ Ибраимов.
Салтанатты жиында референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан азаматтар, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген жалпыұлттық коалиция мүшелері, қоғам белсенділері және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз еткен құқық қорғау органдарының басшылары Президенттің Алғыс хаты мен облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар, жиында аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов пен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Тәуіпбаев сөз сөйледі.
Еске салайық, 15 наурыз күні өткен республикалық референдумда ел азаматтары жаңа Конституцияны қолдап, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашты.
Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы жаңа Ата заңға және «Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Халық Конституциясы 1-ші шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






