Референдумның маңызы кеңінен түсіндірілді

7

0

Бүгін өңірлік, қалалық коалиция мүшелері Қызылжарма ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Атап айтқанда, Ибадулла Құттықожаев, Мақсұт Баекеев, Ибрагим Басықараев, Ғани Қарғабай және Динара Ибадуллаева, Арайлым Байжігітова жергілікті халықпен жүздесіп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумның мән-маңызын жан-жақты түсіндірді.

Кездесу барысында спикерлер жаңа Ата заң жобасының ел болашағы үшін стратегиялық құжат екенін атап өтті. Олар референдум – халықтың өз тағдырына тікелей қатысуының айқын көрінісі екенін айтып, әр азаматтың дауысы маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Мақсұт Баекеев өз сөзінде референдум өткізу тәжірибесі зайырлы әрі дамыған мемлекеттерде кеңінен қолданылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – қоғамның маңызды шешімдерді қабылдауға тікелей араласуын қамтамасыз ететін демократиялық тетік. Сондықтан алдағы референдумға белсенді қатысу – әрбір қазақстандықтың азаматтық жауапкершілігі,-деді.

Ибадулла Құттықожаев жаңа Ата заң жобасының ана тілімізде жазылғанын ерекше атап өтіп, құжаттың мазмұны қазіргі заман талаптарына сай жетілдірілгенін айтты. Оның сөзінше, жобада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, әлеуметтік кепілдіктер нақты айқындалған. Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесін тиімді етуге бағытталған бірқатар жаңашыл нормалар енгізілген.

Ибрагим Басықараев та тұрғындарды 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырып, бұл тарихи кезеңде бейжай қалмаудың маңыздылығын жеткізді. Ол әрбір азаматтың таңдауы елдің болашағына әсер ететінін атап өтті.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді. Коалиция мүшелері түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Жиын қорытындысында қатысушылар 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысу – ел дамуына қосылған үлес екенін атап өтті.