Air Astana рейс кешігулері мен жолаушылар құқықтары бойынша ақпарат ұсынды. Айтуларынша, рейс кешігіп қалса, жолаушылар сусын, тамақпен қамтылады. Сондай-ақ кей жағдайда қонақүйге орналастырылады.
Компания мәліметінше, Air Astana тобы әуе тасымалдарын Қазақстан Республикасының заңнамасына, әуекомпаниялардың жолаушыларды тасымалдайтын қағидаларға және толықтай халықаралық нормаларға сәйкес жүзеге асырады.
— Рейс статусы өзгерген жағдайда, әуекомпаниялар жолаушыларды олардың құқықтары туралы ресми байланыс арналары арқылы хабардар етеді. Сонымен бірге тасымал шарттары егжей-тегжейлі көрсетілген ресми сайттарға сілтейді. Рейс әуекомпания кесірінен кешіктірілген жағдайда, жолаушыларға заңнамада көрсетілген мерзімге сай сусындар мен тамақ беріледі, қажет болған жағдайда қонақүйге орналастырылады. Әуе кемесінің түрі өзгертілгенде, ұшу кестесін немесе ұшатын уақытты ауыстыру тасымалдау қағидаларында көзделген және операциялық қызметтің ажырамас бөлігі болып саналады. Жолаушыларға өзгеріс туралы барлық ақпарат алдын ала жіберіледі, — делінген хабарламада.
2025 жылы әуекомпаниялардың уақытылы ұшу көрсеткіші орта есеппен шамамен 80% болды, бұл — әлем бойынша орташа деңгей. Рейстердің кешігуіне көбіне күннің бұзылуы, техникалық себептер, әуежайлар мен әуе кеңістігіндегі шектеулер, сондай-ақ ұшақтардың кеш келуіне байланысты туындайтын ротациялық кідірістер әсер етеді.
— Әуекомпаниялар қызметінде қауіпсіздік аса маңызды. Осыған байланысты барлық талап қатаң сақталып, кей жағдайда ұшақтар ұшқан әуежайға кері қайтарылуы да мүмкін. Түйіскен (транзиттік) рейстерге билет сатып алған кезде әуекомпаниялар билеттерді бір бланкіде рәсімдеуге кеңес береді. Мұндай жағдайда тасымал қағидаларына сәйкес, жолаушыны межелі жеріне жеткізу жауапкершілігі тасымалдаушыға жүктеледі. Егер билеттер бөлек бланкілерде рәсімделсе, тасымалдаушы тек рейстің кешіккеніне қатысты ғана заңнама аясында жауапты болады, — деп түсіндірді компания.
Air Astana және FlyArystan Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Монреаль конвенциясының талаптарына сәйкес тіркелген жүк пен қол жүгін тасымалдауға жауап береді.
— Жүк немесе қол жүк жоғалса, бүлінсе не кешіктірілсе әуекомпанияның немесе оның қызметкерлерінің кінәсінен орын алған жағдайда, тасымалдаушы өтемақы төлейді. Жолаушының жеке бақылауындағы қол жүгі, тасымалдаушының кінәсі дәлелденбеген болса, жолаушының өз жауапкершілігінде болады. Құнды заттарды жүкпен бірге тасымалдау қажет болса, олар алдын ала декларацияланып, сақтандырылуға тиіс. Сол себепті әуекомпаниялар ақша, зергерлік бұйымдар және басқа да бағалы заттарды тіркелген жүкке салмауға кеңес береді. Air Astana тобы ақшалай қайтарымдар мен өтемақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасы мен тасымал шартына сәйкес жүзеге асырады. Билетті алғанда қандай тәсілмен төлесеңіз, ақысы сол тәсілмен қайтарылады. Nomad Club бағдарламасы аясында ваучерлер немесе бонус балдарын беру — әуекомпанияның жолаушыға қосымша ілтипат ретінде, ерікті түрде жасалатын ұсынысы. Яғни міндетті өтемақы түрі емес. Рейс кешіксе, қызмет сапасы немесе өтемақы мәселелері бойынша Air Astana компаниясына хабарласу үшін жолаушылар мына жерге жүгіне алады: help.airastana.com. FlyArystan әуекомпаниясына қатысты сұрақтар бойынша мына сілтемемен байланысуге болады: https://flyarystan.com/support, — деп түйіндеді Air Astana баспасөз қызметі.






