Павлодар қаласының №2 соты Орталық Азия елдеріне және Ауғанстанға бидай сатқан Тәжікстан Республикасының азаматы М.А-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Қылмыстық іс ҚР ҚК 195-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланды.
«2021 жылдың тамызы мен 2023 жылдың ақпан айлары аралығында М.А. «Кавсар-Агро» ЖШС-нің құрылтайшысы және директоры, «Зарият» ЖШС-нің директоры бола отырып, халықаралық көліктік транзиттік тарифті төлеуден жалтару ниетінде алдап-арбау жолымен астық өнімдерін Ресей Федерациясының аумағынан сатып алып, содан кейін оны Қазақстан территориясына жүк автокөлігімен жеткізген. Одан соң бұл өнімді қазақстандық астық ретінде Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне жеңілдетілген тариф бойынша экспорттаған», – делінген Павлодар қаласы сотының хабарламасында.
Сондай-ақ, М.А. тауардың Қазақстанға тиесілі екенін көрсететін жалған құжаттарды пайдаланған. Осылайша, квазимемлекеттік сектор кәсіпорынға жататын ҚТЖ-ның Жүк тасымалына халықаралық транзиттік тарифті төлеуден жалтарған.
Сот баяндамасындағы мәліметке сәйкес, жәбірленуші заңды тұлғаға келтірілген мүліктік залалдың жалпы сомасы 467 179 034 теңгені құрайды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<