Ресей азаматтары Байқоңыр қаласынан үдере көшіп жатыр

476

0

Фото: iz.ru

Ресей «Байқоңыр» ғарыш кешені мен қала аумағындағы 200-ден астам нысанды Қазақстанға босатып берді. Байқоңыр қаласының Ресей тағайындаған әкімшілігі «Ресейге қоныс аударушы ретінде қала әкімшілігінде есепте тұрған РФ азаматтарының және олардың отбасы мүшелерінің» 2024 жылғы бірыңғай тізімін түзді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Бұл тізімге қоныс аудару кезегінде тұрған 315 отбасы кіріп отыр. Ескерте кететін жайт, бұл кезекке кірмеген отбасылар да бар. РФ Қорғаныс министрлігіне, ТЖМ-іне, ІІМ-іне жұмыс істейтіндер кезектен тыс көшіріледі. Нәтижесінде, 315 отбасыдан 789 нөмірден тұратын кезек құрылды.

Бұл отбасылармен бірге Ресейге биыл жалпы саны 650-ден аса РФ азаматы көшіп кетпек.

Кіргізеді екен, тек қала әкімшілігінің Азаматтарды қоныс аударту бөлімінің түсіндіруінше, РФ президентінің 2021 жылғы 24 қарашадағы №673 жарлығына сәйкес, РФ азаматтарының жекелеген санаттарына өз отанына оралса, әлеуметтік төлем төленеді (социальные выплаты отдельным категориям граждан Российской федерации, подлежащих переселению с территории комплекса «Байконур», для приобретения жилых помещений на территории Российской Федерации).

Ол төлемге отбасы не бойдақ адам Ресей территориясында тұрғын үй сатып ала алады.

Бұл төлем Ресейге көшетіндердің бәріне бірдей берілмейді. Оны алатындар санатына «Байқоңыр» кешенінің аумағында, федералдық меморгандарында, кәсіподақта, зымыран-ғарыш өнеркәсібінде, РФ-тің ең кемі 50 пайыз үлесі бар ұйымдарда кем дегенде 10 жыл жұмыс не қызмет өтілі бар азаматтар жатады.

Сондай-ақ ұйымның жойылуына немесе денсаулық жағдайына байланысты кем дегенде 5 жыл ғана еңбек еткен, қызмет бабында, міндеттемелерін орындау барысында мүгедек болған, кәсіби дертке душар болған азаматтары ілігеді.

Олардың бәріне РФ үкіметі Ресейде баспана алуға қажетті әлеуметтік төлем төлеу туралы сертификат табыстайды.

Төлем сомасы Ресейде қалыптасқан, тегін әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын 1 шаршы метрдің нормативтік құнына байланысты болады.

Ол сома келесі санға көбейтіледі:

  • жалғызбасты адамдарға – 33 шаршы метр,
  • екі адамнан тұратын шағын отбасыға – 42 шаршы метр,
  • мүшелерінің саны 3 және одан көп адамды құрайтын отбасылардың әрбір мүшесіне – 18 шаршы метрден.

Биыл кезектегілерге сертификат 6 мамырға дейін табысталыпты. Оған кіре алмағандарға не өз қаражатына баспана алып, көшуге, немесе келесі кезекті күтуге тура келеді.

Айтқандай, Байқоңыр қаласының әкімшілігі 2025 жылы Ресейге қоныс аударатындардың да кезегін қалыптастыруға кірісіп кетті. Ол тізім бұдан да ұзын болатын түрі бар. Қазірдің өзінде 2025 жылдың кезегіне 689 ресейлік отбасы кірді.

Осыдан-ақ алдағы екі жылда «Байқоңыр» жақта қаншама тұрғын үйдің босап қалатынын аңғаруға болады.

«Байқоңыр қаласы Ресей федерациясының федералдық маңыздағы қаласына сәйкес келетін мәртебеге ие. Онда азаматтардың тұруының, объектілердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың қауіпсіз қызмет етуінің ерекше режимі енгізілген. Байқоңыр қаласында 76,5 мыңнан астам адам тіркелген. Бұлар – РФ, Қазақстан және өзге мемлекеттердің азаматтары», – деп жалпылама жазылған қала әкімшілігінің ресми интернет ресурсында.

Дегенмен, 2021 жылғы санақ барысында байқоңырлықтардың 70 пайыздан астамы Қазақстан азаматтары екені анықталды. Қазіргі кезде үлесі одан да жоғары болуы мүмкін. Қалада қанша ресейлік қалғанын әкімшіліктегілер ашып айтпайды. Құпия көрінеді. Өйткені көбісі не әскерилер, не солардың отбасы мүшелері, немесе құпия нысандарға қызмет ететіндер.

Уикипедия ашық энциклопедиясында Байқоңыр тұрғындарының 91,74%-ы – қазақтар, 5,63%-ы – орыстар екені айтылған. Мысалы, келесі жылы Ресейге қоныс аударуға әлеуметтік төлем мен сертификат сұрап, кезекке тұрғандар арасында Байтілесов, Ақмырзаева, Аманбаева, Ақсауытова, Жанжігітова, Қалмырзаев, Ільясова, Қайыпназарова, Сатыбалдиев, Алдажарова, Бекмағамбетова және басқа да отағасылар мен отанасыларға толып тұр.

Ресейге аттануға әзірленіп жатқандардың биылғы тізімінде де Өркенбаев, Тоқшылықова, Тәжібаев, Дауылбаева, Естілеуов, Шаңғытпаев, Досымова, Арынова сияқты қазақы фамилиялар өріп жүр.

Үкімет Ресейдің Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағы аумағындағы нысандарды қарқынды түрде босатып, «Қазақстанға арендасы төленетін объектілер» қатарынан шығарып тастап жатқанын растады. Мүжіліп, бұзылып, қараусыз қирамауы үшін Қазақстан оларға ие тауып беруге, шағын және орта бизнесті дамытуға тырысады.

Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенатқа жолдаған жауап хатында баяндады.

«Салаға инвестициялар тарту үшін инвесторлардың «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне баруы ұйымдастырылатын болады. 2022 жылғы 2 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның 8-ші отырысының хаттамасын орындау шеңберінде Ресей тарапы жалға алған нысандар құрамынан шығаруға ұсынылатын 234 объектінің жаңа тізбесін ұсынды. Олардың базасында 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құра отырып, өндірістерді ұйымдастыру жоспарлануда», – деді О.Бектенов.

Әзірге арендадан босатылған объектілерде музей жасау ғана қалып тұр.

«Туризмді дамыту мақсатында 2023 жылғы қыркүйекте «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру үшін тараптар оның базасында ғарыш техникасының үлгілері мен макеттерін орналастыра отырып, музей кешенін құруға кірісті. Осы мақсатта «Гагарин старты» 1-ші және 2-ші алаңын одан әрі пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірленеді. «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешені нысандарының туристік тартымдылығын жақсарту үшін тур бағдарламасы әзірленді. Зымыран қозғалтқыштары, «Союз-5» зымыранының макеті орнатылды, киіз үй қойылып, «Этноауыл» экспозициясы және басқасы жасалды», – деді Олжас Бектенов.

Байқоңырдағы туризмнің тізгіні – толығымен Ресей қолында. Мәскеу «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы ғарыштық туризмнің операторы ретінде ресейлік «Вежитель» компаниясын бекітті. Қазақ жеріндегі космодромнан зымырандардың ұшырылуын тамашалағысы келетін, Байқоңырды аралағысы туристер содан туржолдама пакеттерін сатып алуға мәжбүр.

Қазақстан Премьерінің айтуынша, қала жанынан әуежай ашу мәселесі пысықталуда. Бұл ретте «Байқоңыр» кешенінің «Крайний» авиаайлағының кеңістігін пайдалану және кешенде тұрақты әуе қатынасын жолға қою мақсатында Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында Келісімнің жобасы әзірленді. Құжат екі елдің мемлекеттік органдары мен аккредиттелген ұйымдарының келісімінен өтуде.

Бектенов тың бір жаңалығын жеткізді. Ұзақ жыл жыр болып, жүзеге аса алмай жатқан отандық спутниктерді жасау кешені ақыры ұлттық компаниядан алып қойылып, мемлекет қарауына қайтарылмақ.

«Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін ұстап тұру жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру үшін оны «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ынан мемлекет балансына қабылдау шаралары қабылдануда. Үкімет қаулысының тиісті жобасы әзірленді. Құжат мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде», – деді Олжас Бектенов.

Бірақ ғарыштық ұлттық компания мемлекеттің қолдауынсыз қалмайды.

Бүгінде «Қазақстан Ғарыш Сапарына» мемлекеттік тапсырма орналастырылған: ол отандық «KazEOSat-MR» орта ажыратымдағы Жерді қашықтан зондтау жерсерігін құрастыруға тиіс. Жоба операторы – «Ghalam» ЖШС, оған қажетті салық жеңілдіктері берілді, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймаққа енгізілді.

Сондай-ақ, «Қазақстан Ғарыш Сапарында» «KazEOSat-NR» жоғары ажыратымдағы Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесін және «KazSat-3R» ғарыштық байланыс жүйесін құруға тапсырыс орналастыру жоспарлануда.

Биыл «KazSat-3» байланыс және хабар тарату спутнигін жоспарлы ауыстыру бойынша жобалау алдындағы жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта Түркия, Италия, АҚШ сияқты түрлі шетелдік өндірушілер ұсынған заманауи технологиялық шешімдеріне талдау жүргізіліп жатыр.

Ал, «Байқоңыр» ғарыш айлағының ұшыру алаңдарын жаңғырту мақсатында кеңестік «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің объектілерін модернизациялауды көздейтін «Бәйтерек» ғарыш айлағы жобасы іске асырылуда.

Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы қол жеткізілген уағдаластық аясында «Бәйтерек» зымыран кешенінен «Зенит» зымырантасығыштарын алғашқы ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта тиісті үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Бірақ кейінге шегерілуі де ғажап емес.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<