Ресей бізге «визалық режим» енгізіп отыр — Мәжіліс депутаты

139

0

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ресейдің өз аумағына кіретін шетелдіктерді электронды тіркеуден өтуге мәжбүрлейтін ережесі Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі саналатын Қазақстан азаматтарына да қолданылуын «визалық режим» деп бағалады.

— Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі қағидаты — азаматтардың, тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы. Ал бір айға жуық уақыт бұрын Ресей біржақты тәртіппен қазақстандықтар үшін «визалық режим» енгізді. Неге біржақты тәртіппен әрекет етіп отыр және біздің жауабымыз қандай болады? Қарымта жауап бола ма, әлде үнсіз қаламыз ба, — деп сұрады Ермұрат Бапи Мәжілістің жалпы отырысында.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бұл мәселеден хабары бар екенін айтты.

— Шынымен де біз электронды тіркеу енгізілгенін білеміз. Бұл қазақстандықтарға ғана емес, барша мемлекеттердің азаматтарына арналған. Талап осы айдың аяғында күшіне енеді. Қазіргі таңда мәселені зерделеп жатырмыз. Біздің тарабымыздан қабылданатын шараларды қарастырып жатырмыз, — деп қысқа қайырды дипломат.

Еске салсақ, өткен аптада Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу бекетінде қозғалыс шектелген болатын.