Біз Ресей тарапына өз талаптарымызды ашық айттық. Бұл туралы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында мәлім етті. Kazinform бұл туралы Azertag.az агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ильхам Әлиевтің айтуынша, 27 желтоқсанда аталған талаптар ресми түрде Ресей тарапына жеткізілді.
– Қандай талаптар қойылды? Біріншіден, Ресей тарапы Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек. Екіншіден, өз кінәсін мойындау керек. Үшіншіден, кінәлілер жазалануы, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы және Әзербайжан мемлекетіне, зардап шеккен жолаушылар мен экипаж мүшелеріне өтемақы төленуі керек. Бұл – біздің шартымыз. Оның біріншісі кеше орындалды. Біздің басқа шартымыз да қабылданады деп үміттемін. Бұл шарттардың барлығы әділ. Ешқандай төтенше талаптар немесе артық сұрақтар жоқ, бұл халықаралық тәжірибе мен адамның қалыпты мінез – құлық принциптеріне негізделген, – деді Ильхам Әлиев сұхбат барысында.
Бұған дейін Әзербайжан президенті қазақ халқына алғыс айтып, екі ел арасындағы достық пен бауырластық ауыр сынақтан кейін күшейе түскенін жеткізді.
Сондай-ақ, Путин мен Әлиев Ақтау маңында құлаған ұшаққа қатысты талқылауды жалғастырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<