Ресейдің «Байқоңыр» айлағындағы жоспарлары өзгерген жоқ

752

0

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Байқоңыр» ғарыш айлағында Ресей тарапымен әріптестікке қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алудан Ресейдің бас тартуы мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойды.

«Кеше Рогозин мырза («Роскосмос» басшысы Дмитрий Рогозин) жоспарлар өзгермегенін айтты. Олар Қазақстанмен арада жоспарланған барлық ғарыш бағдарламаларын дамытатынын жариялады. Атап айтқанда, ресейлік әріптестермен келіссөздер алдағы уақытта болады деп жоспарланып отыр. Себебі тиісті өзгерістер болып жатыр», – деді Б. Мусин тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда министр 15-20 сәуір кезінде бірқатар мәселе бойынша ресейліктермен келіссөздер жоспарланғанын айтты. Оның ішінде таяу жылдарға арналған перспективалы жобалар қаралады.

Сонымен қатар Бағдат Мусин «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алғаны үшін Ресей жағы қанша қаржы төлеп жатқанын атап өтті.

«Жылына 100 млн АҚШ долларынан астам қаражат ескерілген. Шарт 2050 жылға дейін бекітілген», – деді ведомство басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<