Ресейдің бірнеше қаласында қазақ мектебі ашылуы мүмкін

53

0

Фото: Кабар

Ресей Федерациясының бірнеше қаласында қазақ мектебін ашу мәселесі екіжақты талқыланып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті. 

«Иә, бұл мәселе талқыланып жатыр, үш аймақ қарастырылып отыр Астрахан, Орынбор және Омбы немесе Томбы нақты есімде жоқ. Қазақ диаспорасы шоғырланған аймақтарда қазақ мектебін ашу мүмкіндігі қаралып жатыр. Жұмысты ресейлік әріптестерімізбен бірлесіп жүргіземіз», – деді Ғани Бейсембаев Мәжіліс отырысы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Осылайша, министр Ресейде қазақ мектебін ашу ұсынысы қолдау тапқанын растады. 

«Бұған дейін Ресейдің еліміздің оңтүстігінде мектеп салу жоспары туралы айтылған еді. Бұл да талқыланып жатыр, желтоқсанда нақты шешім қабылданады», – деп толықтырды ведомство басшысы. 

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне жарияланған мақаласында Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылатынына сенетінін айтқан еді. Сондай-ақ Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспары жайлы хабарлаған болатынбыз. 

Айта кетейік, бұған дейін Владимир Путиннің Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы туралы мақаласы жарияланды. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<